Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

520 мыңнан астам қазақстандық жәрдемақыдан айырылуы мүмкін

хабарлама санат қазақстандықтар
Фото: magnific.com

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстандықтарға отбасының әл-ауқат деңгейі бойынша қай санатқа жатқызылғаны туралы push-хабарлама жіберілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министр Серік Жұманғариннің айтуынша, азаматтардың әл-ауқатын бағалау үшін деректерді талдау жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.

Отбасының белгілі бір санатқа жатқызылуы оның материалдық жағдайына байланысты. Бұл көрсеткіш уақыт өте өзгеруі мүмкін. Сондықтан орташа қазақстандық отбасының қай санатқа жататынын алдын ала айту мүмкін емес.

"Қателік болмауы керек. Қажет болса, азаматтарымыздың пайдасына қарай шешім қабылдағанымыз жөн. Мұнда қандай жағдай болса да, бюджет қаражатын үнемдеу мақсаты көзделіп отырған жоқ", – деді Серік Жұманғарин.

Министрдің сөзінше, отбасылардың әл-ауқатын бағалау үшін шамамен 30 цифрлық жүйенің деректері пайдаланылады. Ақпарат апта сайын дерлік талданып, қорытынды баға ай сайын шығарылады.

Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыс тобы еліміздің 20 өңірін аралап, тұрғындарға жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндіреді.

Министрден азаматтарды әл-ауқат деңгейіне қарай санаттарға бөлудің нақты өлшемдерін түсіндірді. 

"Қателеспесем, 522 мың адам бар. Оның 70 мыңнан сәл астамы – А санатына, қалғандары Б санатына жатады. Әр адамға тиісті хабарлама жіберіледі. Бұл жұмыс жүргізіледі. Қателік болмауы керек. Мемлекеттің емес, азаматтардың пайдасына қарай шешім қабылдағанды жөн көреміз", – деді Жұманғарин.

Алайда министр “Орташа қазақстандық отбасының әл-ауқаты қанағаттанарлық деңгейге жата ма?” деген сұраққа нақты жауап бермеді. Айтуынша, бұл әр отбасының жағдайына байланысты. Мұны өзгермейтін көрсеткіш деп қарастыруға болмайды. Шамамен 30 ақпараттық жүйе қолданылғанын атап өтті. Деректер апта сайын дерлік талданып, ай сайын жаңартылып отырады.

Айта кетейік, премьер-министр Олжас Бектенов тұрмысы жақсы, ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмай, өз күнін өзі көру керегін айтқан еді. Табысы жоғары және тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың бірдей көлемде мемлекеттік көмек алуы әділетсіздік деп санайды ол. Мемлекет тек өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын адамдарға қолдау көрсететінін атап өтті. 

Қандай реформа туралы сөз қозғалып отыр?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақының 10 түрін тағайындау тәртібі өзгереді.

Жәрдемақы тағайындау кезінде адамның немесе отбасының материалдық жағдайы ескеріледі. Ол үшін әл-ауқаттың бес санаты енгізіледі:

  • А санаты – жоғары деңгей. Табысы жоғары, жылжымайтын мүлкі және басқа да активтері бар отбасылар;
  • В санаты – ауқатты деңгей. Тұрақты табысы, баспанасы және қаржылық жағдайы тұрақты отбасылар;
  • С санаты – қанағаттанарлық деңгей. Табысы аз, несиелері бар және қаржылық мүмкіндіктері шектеулі отбасылар;
  • D санаты – экономикалық тұрғыдан осал деңгей. Табысы төмен, қарыздары бар немесе жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болған отбасылар;
  • E санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгей. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар.

Жаңа ережеге сәйкес, А және В санаттарына жатқызылған отбасылар бекітілген тізімдегі жәрдемақыларды ала алмайды.

Егер адам жәрдемақы алып жүріп, отбасының әл-ауқатын бағалау нәтижесінде А немесе В санатына жатқызылса, төлем тоқтатыла тұруы мүмкін. Ал материалдық жағдайы нашарлап, келесі ай сайынғы бағалау кезінде отбасы С, D немесе E санатына өтсе, төлем қайта тағайындалуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 10 түрлі мемлекеттік жәрдемақы берілетін біржолғы төлемді тағайындау тәртібі өзгеретінін жазған едік.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 14:57