Қазақстан тумасы: 22 жастағы бойжеткенді Кипрдегі супермаркетте пышақтап кетті
Солтүстік Кипрде 22 жастағы қазақстандық қызға белгісіз ер адам пышақпен шабуыл жасады. Науқас қазір өте ауыр жағдайда жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Никосия қаласындағы Metropol Market супермаркетінде 22 жастағы Жанерке Абдразаковаға пышақпен шабуыл жасалды.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, шабуыл бүгін шамамен сағат 11:45-те болған. Белгісіз себеппен ер адам қызға пышақпен шабуыл жасап, оны өлтірмек болған. Кейін ол өзіне де пышақ жарақатын салған.
Екеуі де дәрігер Бурхан Налбантоғлу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізілді. Соңғы мәлімет бойынша, Жанерке өте ауыр халде жатыр және дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Шабуыл жасаған ер адам да дәрігерлердің бақылауында.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оқиғадан хабардар және қазір бұл істің министрліктің бақылауында екенін мәлімдеді.
“Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кипрде біздің азаматымызға қатысты орын алған оқиғадан хабардар. Қазір қазақстандық дипломаттар мән-жайды анықтауда және жергілікті құзырлы органдармен байланыста. Қосымша ақпарат ресми мәліметтердің түсуіне қарай ұсынылады. Бұл мәселе министрліктің бақылауында.”, – деп хабарлады ведомство.
Бұл оқиға жергілікті тұрғындар арасында үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Тұрғындар мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін биліктен қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етіп жатыр. Полицияның мәліметінше, шабуылдың нақты себебі әзірге анықталған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Сербияда Қазақстан азаматының қаза болғанын растап, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Қапшағайда гидроскутер "үрлемелі диванға" соқтығысты: Әйелдің қуығы жырылып, қыз есін жоғалтқан