Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық қыз Сербияда жұмбақ жағдайда көз жұмды

Қазақстандық қыз
Фото: tiktok.com/@homeart_mebelart

Сербия астанасы Белградта Қазақстан азаматы жұмбақ жағдайда қаза тапты. Ақпаратты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Марқұмның әкесі TikTok желісіндегі homeart_mebel нигімен парақшасында қызының қазасы туралы жазба жариялап, оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан көмек сұрады. Оның айтуынша, қызы алтыншы қабаттан құлаған болуы мүмкін.

Сондай-ақ ол қызының өліміне екі әйел мен бір ер адамның қатысы болуы ықтимал екенін айтып, қайғылы оқиғаға дейін қызын еркінен тыс ұстап отырған болуы мүмкін деген күдігін жеткізді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сербияда Қазақстан азаматының қаза болғанын растап, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

“Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Сербияда қаза тапқан отандасымыздың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, оларға жан-жақты консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Мәселе министрліктің бақылауында”, – делінген хабарламада.

Қазір бұл іс Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің бақылауында.

Еске салайық, 2024 жылғы маусымда қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германияның Бенсхайм қаласының маңынан табылған еді. Судьяның денесі табылғанға дейін оның Германияда із-түссіз жоғалып кеткенін хабарланған. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.

16 маусым күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Кейін Сайлыбаеваның өлімін 35 тергеуші тексерді. Әйелдің үйіне тінту жүргізілді. Кейін оның енесі мен күйеуіне іздеу жарияланды.

2025 жылы Айгүлдің туған ағасы Қанат Сайлыбаев күдіктілер Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғанын хабарлады. Алайда кейінірек Қазақстанның бас прокуратурасы Ресей тарапы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне күдіктілерді Қазақстанға бермейтінін мәлімдеді. 

Ал жақында Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцов әйелінің өліміне кінәлі емес екенінайтқан.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 31 Шілде, 2026 14:20