Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сербияда жоғалған қазақ қызымен бірге тұрған жігіт мәлімдеме жасады

Амира қазақ қызы Сербия
Фото: Видеодан скрин

Белградта көз жұмған Амира Қанаттың өліміне қатысты Влад есімді жігіт өзіне нақақтан-нақақ жала жабылғанын, марқұмның ата-анасы өзін негізсіз кінәлап отырғанын айтып, видео жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Влад сол күні не болғаны, жағдайды егжей-тегжейіне дейін баяндайтынын және жасыратын ештеңесі жоқ екенін жеткізді. Ол Амирамен 19 шілде күні Liga Pub барында танысқан.

“Таныстарыммен бірге отырған едім. Сол кезде біздің компанияға Амира келіп қосылды. Осылайша танысып, байланыс нөмірлерімізбен алмастық. Сол күні оның баспанаға қатысты қиындықтары барын білдім. Екі күннен кейін мен оған бірге серуендеуді ұсындым. Кездесіп, қыдырдық. Баспанаға қатысты қиындықтары болғандықтан жаным ашып, пәтерімде тұра тұруды ұсындым. 21 шілдеден бастап ол менің үйімде тұра бастады. 22 шілдеде Амира барлық заттарын көшіріп әкелді. Осылайша біз 21 шілдеден 26 шілдеге дейін бірге тұрдық. Осы уақыт ішінде оның ерекше оғаш қылықтарын байқамадым. Тек ата-анасымен қарым-қатынасының өте нашар екенін жиі айтатын. Сондай-ақ бұдан былай Қазақстанға, ата-анасының қасына қайтқысы келмейтінін бірнеше рет айтты. Бірақ мен оның отбасы мәселесіне араласқым келмегендіктен, бұған аса мән бермедім. Ал 26 шілдеде, яғни суицид болған күні таңертең Амира менен үйден шығып, оның құрбысына кейбір заттарды апарып беруімді өтінді. Өзі сол уақытта анасымен сөйлесетінін айтты”, – дейді Влад.

Айтуынша, ол үйден шығып, заттарын құрбысына жеткізіп, қайта оралған. Кейін достарымен видео түсіру үшін қайта кетуі керек болған. Оның сөзінше, мұны растайтын хат-хабарлардың бәрі сақталған, онда Владты күтіп отырғаны, күндері мен уақытына дейін көрсетілген.

“Маған танысым келді, содан кейін екеуміз видео түсіретін жерге бет алдық. Сол кезде Амира үйде тамақ дайындап жатқан. Бірнеше минут өткен соң микрофондарымды үйде ұмытып кеткенім есіме түсіп, танысыммен бірге оларды алып кету үшін қайта оралдық. Үйге кіргенде аяқкиімімді де шешкен жоқпын. Есіктің алдында тұрып, танысымнан дәліздегі шкафтың үстінде жатқан микрофондарды алып беруін сұрадым. Сол сәтте Амира маған арқасын беріп, орындықта отырған еді. Мен оған "Амира, мен аз уақытқа ғана келдім. Тек микрофонды алып, екі сағаттан кейін қайтамын" дедім. Осыдан кейін ол орнынан тұрып, балконға қарай жүрді. Мен "Қайда бара жатырсың?" деп сұрадым. Ол "Темекі алуға” деп жауап берді. Содан кейін балконның есігін ашып, пердені ысырып, сыртқа шықты. Артынша балконның қоршауынан асып өтіп, төменге құлап кетті. Біз оның құлаған дыбысын естідік. Сол сәтте екеуміз де есеңгіреп қалдық. Барлығы санаулы секундтың ішінде болды”, – дейді жігіт.

Ол болған жағдайдан есеңгіреп қалғанын жеткізді. Олар төменге жүгіріп түсп, тұрғын үй кешенінің күзетшісіне бардық. Жігіттің сөзінше, сол уақытта төменгі қабаттарда тұратын басқа адамдар да түсіп жатқан.

“Олар да адамның құлағанын көріп, қатты шошып қалған екен. Барлығы жедел жәрдем шақыруды сұрады. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция келді. Дәрігерлер жеткен кезде оның тамыр соғысы жоғын айтты. Біз оның мұндай әрекетке не үшін барғанын, бұған не себеп болғанын және мұндай жағдайдың боларын ештеңе аңғартпағанын түсіне алмадық. Оқиға орнына полиция мен криминалистер келіп, пәтердегі барлық айғақтарды тіркеді. Сол кезде криминалистермен бірге Амираның телефоны қатты сынғанын, тіпті қосылмай қалғанын көрдік. Ал сол күні таңертең телефоны әлі жұмыс істеп тұрған еді. Кейін біз оның ешкімге оқуға бермейтін жеке дәптерін таптық. Ондағы жазбалардан оның Қазақстанда тұрған кезінің өзінде-ақ ұзақ уақыт бойы суицид туралы ойлармен күрескенін байқауға болады”, – деп Влад Амираның күнделігіндегі жазбаны жариялады. 

Дәптерінде былай деп жазылған: "Құдайым, бүгінгі күн өмірімдегі ең ауыр күн болды. Бүгін "көбелек әсерінің" мен ойлағандай әлсіз емес екенін түсіндім. Бүгін жезөкше болып кете жаздадым. Бір адаммен онымен бірге тұру үшін бара жатырмын. Бұл – екеуміздің ортақ шешіміміз, әрі мен бұған өз еркіммен келістім. Бүгінгі күн өмірімдегі ең жаман күн болып қалса екен деп үміттенемін. Осындай отбасында дүниеге келгенім және солардың кесірінен осындай күндерді бастан кешіріп жүргенім мен үшін өте ауыр. Шынымды айтсам, суицид жасағым келеді. Дәл қазір он үшінші қабаттан секіруге шақ тұрмын. Егер өлсем, алдымен өзіме жеңіл болар еді, кейін туғандарыма, құрбыларыма да оңайырақ болар деп ойлаймын".

Владтың айтуныша, бұл жазба онымен танысқанға дейін жазылған.

“Себебі біз сегіз қабатты үйдің алтыншы қабатында тұрдық. Демек, ол бұған дейін он үшінші қабатта тұратын басқа бір жігітпен бірге тұрған болуы мүмкін. Дәптердегі жазбаларынан оның ата-анасымен қарым-қатынасы өте қиын болғанын, бір-бірін түсінбей, күн сайын жанжалдасқанын аңғаруға болады. Өз сөзінде ол "Егер ата-анам мені шынымен бағалап, қолдап, көмектескенде, мен де оларды өмірімде бірінші орынға қояр едім деп ойлаймын" деп жазған. Оқиғадан кейін бірден біз полиция қызметкерлерінен бұл жағдайды оның туыстарына кім жеткізетінін сұрадық. Олар "Уайымдамаңыздар, мұның бәрін полиция мен Қазақстан елшілігі хабарлайды. Сіздерге ештеңе айтудың қажеті жоқ" деп жауап берді. Алайда арада бір-екі күн өткен соң елшіліктің оның туыстарына ешқандай ақпарат бермегенін түсіндік. Сондықтан бұл қайғылы хабарды өзіміз жеткіземіз деп шештік. Бастапқыда оның жақындары бізге сенбей, күмәнмен қарады”, – дейді жігіт.

Сондай-ақ Влад осы уақыт ішінде Амираның анасы да, әкесі де өзімен хабарласпағанын атап өтті. Айтуынша, оған тек оның достары мен құрбылары хабарласқан.

Бұған дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Сербияда Қазақстан азаматының қаза болғанын растап, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, Амира Сербияға жұмыс істеуге барған. Қызы хабарсыз кеткен соң, әкесі Белградқа өзі аттанып, сол жерде оның қаза болғанын білген.

Кейін жарияланған видеоүндеуде марқұмның әкесі отбасының бұл қайғылы жағдайға нақты адамдардың қатысы болуы мүмкін деп күдіктенетінін айтты.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 03 Тамыз, 2026 12:08