Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

18 жылдан бері жұмыс істемейтін Екібастұздағы әуежай 40 миллиард теңгеге қайта жөнделмек

әуежай
Фото: Яндекс Карты

Екібастұздағы ескі әуежайды қайта жаңғыртуға 40 миллиард теңге жұмсалмақ. Алайда алдымен нысанды жеке меншік иесінен сатып алу қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Екібастұз әуежайы 2008 жылдан бері жұмыс істемейді. Сол жылы кеншілер қаласына тұрақты әуе рейстері тоқтатылған. Кейін бос қалған әуежайды жеке кәсіпкер өз иелігіне өткізіп алған.

Биыл көктемде Тоқаев Екібастұзда әуежай ашуды тапсырды. Осыдан кейін Павлодар облысының билігі жаңа әуежайды нөлден салмай, ескі әуежайды қайта жаңғыртуды ұйғарды. Себебі нысанда қажет инженерлік желілер мен айналма жол бар.

Әуежайдың қазіргі иесіне аумақты сату ұсынылған. Ол үшін жер мен нысандарды үш тәуелсіз компания бағалауы керек. Егер меншік иесі сатудан бас тартса, билік нысанды мемлекеттің қажеті үшін сот арқылы мәжбүрлеп алуды жоспарлап отыр.

әуежай
Фото: Яндекс Карты

Қазір ескі әуежай әлі сатып алынған жоқ. Соған қарамастан билік ғимараттар мен ұшу-қону жолағының техникалық жағдайын зерттеп қойған. Жоба бойынша қазіргі ұшу-қону жолағын толық бұзып, орнына жаңасын салу жоспарланған. Оның ені 20 метрден 63 метрге дейін ұлғайтылады. Бұл әуежайға әртүрлі әуе кемелерін шектеусіз қабылдауға және аэродром санатын көтеруге мүмкіндік береді.

 Әуежайды қайта жаңғырту жұмыстарын биыл күзде бастау жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстары 2027 жылы желтоқсанда аяқталуы тиіс.

Жобаның алдын ала құны 40 миллиард теңге деп бағаланып отыр. Бұл сомаға радиотехникалық жабдықтар кірмейді. “СемейГражданПроект” жобалау институтының басшысы Игорь Грищенконың айтуынша, аталған жабдықтарға қаражат бөлек қарастырылады.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 16:37