Көптеген ел мұндай бағдарламаны Қазақстандағыдай жүзеге асыра алмай отыр: Тоқаев "Ұлттық қор – балаларға" жобасы туралы айтты
Мемлекет басшысы Тоқаев балаларды қорғау және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Осы орайда президент “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасына да тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан бұл бағытта бірқатар маңызды жұмыс атқарып келеді.
“UNICEF Қазақстанның балаларды қорғау саласындағы тәжірибесі Орталық Азия елдеріне ғана емес, Еуропаның кейбір мемлекеттеріне де үлгі бола алады. Шын мәнінде, біз бұл бағытта көп жұмыс атқардық. 2024 жылдан бері “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды”, – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, 2024 жылы балалардың есепшотына 695,5 миллион доллар, 2025 жылы – 888,8 миллион доллар, ал 2026 жылы 901,7 миллион доллар аударылған.
Президент бұл жұмысты еліміздің үлкен жетістіктерінің бірі деп атады. Оның сөзінше, көптеген мемлекет балаларды осылай ауқымда қолдау бағдарламасын жүзеге асыра алмай отыр.
“Жыл басынан бері “Қазақстан балалары” тұжырымдамасы іске асырыла бастадын. Құжатта өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған негізгі шаралар қамтылған. Қазір барлық өңірде балалардың құқығын қорғау басқармалары мен психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Бұған қоса, Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесі де дамып келеді”, – деді Тоқаев.
Дегенмен президент балаларға қатысты шешімін таппаған мәселелер әлі де бар екенін жеткізді.
“Ақпараттың шамадан тыс көп болуы қоғамға, әсіресе жас ұрпаққа кері әсер ете бастады. Мұндай ахуал азаматтардың жұмыс қабілетін төмендетеді. Бұл, әсіресе, болмыс-бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін өте қауіпті”, – деді президент.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаевтың 18 жасқа толған жастардың мектепте оқып жүре беруі қаншалықты дұрыс деп айтқаны туралы жазған едік.
Қазақ тілін қорлаған бұрынғы Ресей азаматы 15 күнге қамалды
