Құрылтай депутаттары қатарында президенттің кадрлық резервінің мүшелері бар – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауының еліміздің қоғамдық-саяси өміріне елеулі өзгеріс әкелгенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Партиялар ұсынған тізімге тәжірибесі мол түрлі мамандық иелерімен қатар, саясатқа жаңадан келген азаматтар да енді. Олардың қатарында қабілетті жастар, солардың ішінде Президенттің кадрлық резервінің мүшелері бар.
Жаңа буын өкілдері саяси науқанды жандандыра түскені сөзсіз. Халыққа адал қызмет еткісі келетін, жауапкершіліктен тайсалмайтын, жаңашыл адамдардың бәріне бірдей мүмкіндік берілді. Түптеп келгенде, бұл – қалыпты, яғни эволюциялық үдеріс”, – деді Президент.

Президент осы орайда саяси партиялардың белсенділігін, олардың идеологиялық ұстанымдарын, кәсіби деңгейін ерекше атап өтті.
“Саяси дода кезінде ел болашағына тікелей ықпал ететін ұтымды ұсыныстар айтылды. Сайлаушылар да бұл жұмыстан тыс қалған жоқ, олар әр мәселе бойынша өз пікірлерін ашық білдіріп отырды. Бұл үгіт-насихат кезінде болған ұлттық теледебаттардан, ақпарат алаңындағы ашық пікірталастардан анық байқалды”, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік және пікір алуандығы құндылықтары орнығып жатыр, жаңа саяси мәдениет қалыптасып жатыр.
Президенттік Жастар кадрлық резерві туралы
Президенттік Жастар кадрлық резерві – Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған бастамасы. Аталған жоба туралы мемлекет басшысы 2019 жылы сайлауалды бағдарламасында айтқан.
Резервке іріктеу мемлекеттік басқарудың 6 салалық бағыты бойынша жүргізіледі. Іріктеуге В1 деңгейінен төмен емес мемлекеттік тілді меңгерген, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар 35 жастан аспаған Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Еске салаййық, Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауына дауыс берген соң өткізген брифингінде елде министр қызметінде болған жастар жайлы айтқан еді. Өз сөзінде ол жастар қатарында үмітті ақтамағандары да болғанын алға тартқан.
“Біз жастарға сенім артамыз. Оларды кезінде түрлі лауазымдарға тағайындадық. Үкіметте жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын. Әрине, түрлі кедергі мен себеп кезігіп жатады”, – деді Президент.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты