Қазақстан азаматтығын алған ер адам желідегі қазақ тіліне қатысты жазбасы үшін жазаланды

Қазақстан азаматтығын алған ер адам әлеуметтік желіде қазақ тіліне және қазақтарға тіл тигізгені үшін 15 күнге қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Өзінің Instagram парақшасында ер адам Қазақстан азаматтығын алғанын жазған.
“Қазақстан азаматтығын алдым, бірақ Ресей азаматтығынан оңайлықпен құтыла алмайсың... Жолдың жартысы ғана жүрілді деуге болады… Ресейге, әрине, әлі талай рет баруыма тура келеді. Бірақ енді жоспардан тыс сапарлар да қосылатын сияқты”, – деп жазған желідегі парақшасында.
Оның бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларына ұнамай қалған еді.
Одан бөлек желідегілер оның қазақ тілі мен қазақтардың тарапына кемсіту бағытындағы сөздер жазғанын байқады. Бұл сөздер жұрттың наразылығын тудырып, көпшілік оны жазалауды талап етті.
“Мен қазақ тілін білмеймін және 39 жыл бойы тамаш өмір сүріп келемін”, “Мамбеттер мен қонақжайлылық екеуі екі түрлі ұғым. Кейін туристер неге жоқ деп таңғалады”, “Қысқасы әлем қазақ тілсіз-ақ өте керемет өмір сүріп жатыр”, “Қазақ тілін білмейтін жапондықтар әлем бойынша, өте керемет автокөліктер шығарып жатыр. Қазақ тілін білмейтін Apple компаниясы Iphone-дар шығарып жатыр. Сендер бір-бірлеріңмен қазақша сөйлеуден басқа ештеңе білмейтін ақымақсыңдар. Қазақ тілін білмейтін шведтер өте керемет мемлекетке айналды. Жауап бір – ол ешкімге де керек емес”, – деп жазған ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Резонанс пен наразылықтан кейін азаматтың сөздеріне Алматы полициясы жауап берді. Аталған факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы тексеріс жүргізіп, ер адамның жеке басын анықтады.
“Аталған факті бойынша құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша (Ұсақ бұзақылық) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді”, – деп жауап берді полиция департаменті.
Кейін ер адамның ұсталғаны анықталды. Отырыс барысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, оны қатаң жазаламауды сұрады. Алайда сот шешімімен бұрынғы Ресей азаматы 15 күнге қамауға алынды.
Айта кетейік, бұған дейін Fassoollka лақап атымен танымал, Ксения Гузееваға ұлтараздық фактісі бойынша, айыппұл салынып, Қазақстаннан депортацияланған болатын.
Қазақстандық әженің үйін жөндеуге келген еріктілер шатырдан 8 пакет ақша тауып алған: Кейуана оны қайыр тілеп жинаған