Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Павлодар - Ресейдікі": Қазақстан туралы даулы мәлімдемелер жасаған ресейлік блогер айыппұл арқалап, елден шығарылды

Ксения Гузаева
Фото: instagram.com/fassoollka, Астана полициясы

Әлеуметтік желіде Fassoollka лақап атымен танымал ресейлік стример Ксения Гузаева тікелей эфирде Қазақстан туралы айтқан даулы мәлімдемелері үшін жауапкершілікке тартылып, елден шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астана полициясының мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында шетел азаматшасы Г.К-ның арандатушылық және әдепке жатпайтын пікірлер айтқан тікелей эфирлері анықталған.

Сот шешімімен шетел азаматшасы айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды және заңнамада белгіленген тәртіппен оны ел аумағынан шығару бойынша тиісті шаралар қабылданды. Заңға сәйкес, оның Қазақстанға кіруіне бес жыл мерзімге шектеу қойылды.

”Қазақстан – шетел азаматтары мен ел қонақтары үшін ашық мемлекет. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының аумағында болу заң талаптарын мүлтіксіз сақтауды, сондай-ақ елімізге, оның азаматтарына және жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларына құрметпен қарауды талап етеді”, – делінген полиция хабарламасында. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанға көшіп келген ресейлік блогер Ксения Гузаева (Fassoollka) тікелей эфир кезінде Қазақстан туралы теріс пікір айтып, қазақстандықтардың ашуын туғызған еді.

Тікелей эфир барысында ол Қазақстанды "Мамбетстан", "Штрафстан" деп атап, қазақ халқына қатысты балағат сөздер айтқан. Сонымен қатар ол Павлодарды “Ресейдікі” деп атаған. Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары оның әрекетіне заң аясында баға беріп, тиісті шара қолдануды талап етті.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 12 Тамыз, 2026 23:02