Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сарсеновке тиесілі Нұрбанк мемлекетке тағы 6,5 миллиард теңге қарызын қайтарды

Нұрбанк
Фото: afk.kz

"Нұрбанк" мемлекеттік көмек бағдарламасы аясында алған міндеттемелерін мерзімінен бұрын өтеуді жалғастыруда. Банк мемлекет тарапынан сатып алынған облигациялардың кезекті бөлігін қайтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Қарызды өтеу барысы қалай жүзеге асты?

Банк 16 қарашада номиналы 1 мың теңге болатын 6,5 миллион дана субординирленген купондық облигацияны мерзімінен бұрын сатып алып, олар бойынша жылдық 4% мөлшерлемемен сыйақы төледі.Төлемдердің жалпы сомасы 6,6 миллиард теңгені құрады.

Аталған қаражат банк Қазақстанның орнықтылық қорынан алған 46,8 миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтару аясында өтелді. Бұл облигациялар бастапқыда 15 жыл мерзімге — 2035 жылға дейін шығарылған болатын.

Еске салсақ, 2025 жылдың қараша айында банк мемлекетке 4,5 миллиард теңге қарызын қайтарған еді.Осылайша, сыйақы есептелмегенде, банктің мемлекет алдындағы жалпы қарызы 35,8 миллиард теңгеге қысқарды.

Банк кімге тиесілі?

“Нұрбанктің” 87,87%-ы JP Finance Group компаниясына тиесілі. Осы компания арқылы қаржы ұйымын қазақстандық кәсіпкер Эльдар Сарсенов басқарады. Ол кәсіпкер Рашит Сарсеновтің ұлы. Эльдар Сарсенов Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендері тізімінде 49-орында тұр, ал Сарсеновтер әулетінің жалпы жағдайы 972 миллион долларға бағаланады.

Мемлекеттік көмек бағдарламасының жағдайы қандай?

Банк секторларының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы 2017 жылы іске қосылған еді. Бұл мемлекеттік бастама банк жүйесін тұрақтандырып, ірі банктердің жағдайын жақсарту және салымшылардың қаражатын қорғау мақсатында қабылданған болатын.

Бүгінгі таңда мемлекеттік көмекті толығымен қайтарған банктердің қатарында Halyk Bank, Bank RBK және Центр Кредит Банкі бар. Ал қарызы әлі сақталып отырған қаржы ұйымдары:

  • Alatau City Bank (биыл 125,3 миллиард теңгелік облигацияны мерзімінен бұрын өтеген);

  • Еуразиялық банк;

  • Нұрбанк.

Жыл басында бұл үш банктің балансында жалпы сомасы 1,1 триллион теңге болатын мемлекеттік қолдау қаражаты болған еді.

 

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 14:04