Есеп тапсырып әуре болмайсыз: Қазақстанда қызметкерлердің салығын "бір батырмамен" төлеуге болады
17 қарашадан бастап Қазақстанда еңбекақы қорынан ұсталатын салықтар мен әлеуметтік төлемдерді "бір батырмамен" есептеп, төлеу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлер мен бухгалтерлердің жұмысын жеңілдететін жаңа тетікті қалай пайдалану керегін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Енді жұмыс берушілерге әрбір салық пен жарнаны бөлек есептеп, есептілік тапсырып әуре болудың қажеті жоқ. Жүйе барлық төлемді автоматты түрде өзі есептеп, банкке жібереді.

Жаңа сервисті қалай қолдануға болады?
Қызмет Салық төлеушінің кабинеті арқылы қолжетімді. Ол үшін жұмыс беруші мына қарапайым қадамдарды орындауы тиіс:
-
Салық төлеушінің кабинетіне кіріп, “Бір батырмамен есептеу” сервисін таңдайды;
-
Қызметкердің ЖСН-ін және есептелген жалақы сомасын енгізеді;
-
Енгізілген деректердің дұрыстығын растайды.
Осыдан кейін жүйе қалған жұмыстың бәрін өзі атқарады:
-
Қызметкердің әлеуметтік мәртебесін автоматты түрде тексереді;
-
Жеке табыс салығын, міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын, әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік салықты, сондай-ақ МӘМС жарналарын өзі есептеп шығарады;
-
Дайын есепті экранға шығарып көрсетеді;
-
Жұмыс беруші растағаннан кейін төлем тапсырмасын қалыптастырып, оны орындау үшін бірден банкке жолдайды.
Егер жалақы мөлшері өзгерсе, қосымша сыйақы берілсе немесе бастапқы деректерде қате кетсе, жүйеде мәліметтерді түзету мүмкіндігі қарастырылған.
200.00 нысанды есепті тапсырудың қажеті болмайды
Жаңа сервистің басты артықшылығы — есептіліктен босатуы. Егер жұмыс беруші қызметкерлері үшін салықтар мен әлеуметтік төлемдерді осы пилоттық сервис арқылы төлесе, оған 200.00 нысанды салық есептілігін (“ЖТС және әлеуметтік салық бойынша декларация”) тапсырудың қажеті жоқ.
Дегенмен Мемлекеттік кірістер комитеті 200.00 нысаны мүлде жойылмайтынын нақтылады. Жаңа сервисті қолданбайтын кәсіпкерлер бұрынғыдай есепті әдеттегі тәртіппен тапсыра береді. Сондай-ақ өзге салықтық міндеттемелерді көрсету үшін бұл декларация өз өзектілігін сақтап қалады.
Кімдер пайдалана алады?
Пилоттық жобаға қатысу ерікті түрде жүзеге асады;
-
Сервисті ұйымның көлеміне (шағын, орта немесе ірі бизнес) қарамастан кез келген жұмыс беруші қолдана алады;
-
Тестілік кезеңде сервисті 1С сияқты бухгалтерлік бағдарламалармен біріктіру әзірге қарастырылмаған. Бұл мәселе пилоттық жобаның қорытындысы бойынша шешілмек.
Айта кетсек, Қазақстанда 2027 жылы қолға тиетін ақша көбейіп, жалақыдан ұсталатын салық азаюы мүмкін.
13 жыл бұрын үздік атанған алты шенеуніктің бесеуі сотталып кетті: Бұған не әсер етті