Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 1,7 триллион теңгеге 200 жаңа кәсіпорын ашылады: оның ішінде кофе капсуласы мен ламинат өндіретін зауыттар да бар

Нағаспаев
Фото: Үкімет

Биыл Қазақстанда жалпы құны 1,7 триллион теңгеден асатын 200 кәсіпорын іске қосылмақ. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында жобалар жыл сайын жүзеге асатынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, биылғы он айда еліміздегі өнеркәсіп өндірісі 9,3%-ға өскен. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға мүмкіндік бермек.

"Биыл жалпы құны 1,7 триллион теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Соның арқасында 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Оның 5,5 мыңы ауылдық жерлерде құрылады. Кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істей бастағанда жылына шамамен 1,5 триллион теңгенің өнімін шығарады", – деді Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің сөзінше, өндірілген өнімнің 500 миллиард теңгеге жуығы шетелге сатылмақ. Қазірдің өзінде елімізде 900 миллиард теңгеге 125 жоба іске қосылған. Қалған кәсіпорындарды ашуға дайындық жүріп жатыр.

Қазақстанда кофе капсуласы мен ламинат шығарыла бастайды

Жаңа кәсіпорындарда бұған дейін елімізде өндірілмеген тауарлар да шығарылады. Олардың қатарында теміржол доңғалақтарына арналған болат құрсаулар, тісті доңғалақтар, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар.

Сонымен қатар министр отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін арнайы электронды тізілім жұмыс істеп жатқанын айтты. Оған қазақстандық кәсіпорындар мен олардың шығаратын өнімдері енгізіледі. Бүгінде бұл жүйеге 50 мыңнан астам өтінім түскен. Шамамен 2 600 өндіруші мен 72 мың түрлі тауар тіркелген.

Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері мемлекеттік және басқа да сатып алу алаңдарында өткен 94 мың сатып алуда қазақстандық өнімдерге басымдық берілген.

Еске салсақ, бұған дейін америкалық Cove Kaz Capital Group компаниясы Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеруге 1–1,2 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отырғаны хабарланған еді. Компания Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеріп, өндірілген өнімді АҚШ-қа жеткізуді көздейді. Алайда АҚШ-тың мемлекеттік қаржы ұйымдары жобаны қаржыландыруды әзірге түпкілікті мақұлдамаған.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 10:33