Балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салу мәселесі Құрылтайдың алғашқы сессиясында қаралмақ
Мемлекет басшысы Тоқаев өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы мен эмоциялық тұрақтылығын сақтау ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің сөзінше, қазір әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект және агрессивті жарнама балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді.
Тоқаев осыған байланысты 2018 жылы қабылданған балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы заңды қайта қарау қажет деп санайды.
Президент Үкіметтің 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлегенін айтты. Құжат биыл маусым айында Парламент қарауына ұсынылған. Тоқаев бұл мәселені Құрылтайдың алғашқы сессиясында депутаттарға қарауды ұсынды.
“Бізге балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді”, – деді президент.
Оның айтуынша, Үкімет балаларды қорғау үшін зиян контентті сүзгіден өткізу шараларын күшейтуі керек. Бұл жауапкершілікті тек ата-аналарға жүктемеу керек.
Сонымен қатар Тоқаев балаларға арналған SIM-карталарды міндетті түрде енгізу тәжірибесін кеңінен қолдануды тапсырды. Оның пікірінше, бұл балалардың интернеттегі зиян ақпараттан қорғануына және ақпараттық иммунитетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Қазақстанда кәмелетке толмағандарға TikTok қолдануға тыйым салуды ұсынып, премьер-министрге депутаттық сауал жолдаған еді. Ол әлеуметтік желідегі зиянды контенттің балалардың психикасы мен тәрбиесіне кері әсер ететінін айтып, TikTok-қа шектеу енгізу немесе ондағы контентті қатаң бақылауға алуды ұсынған.
Қазақ тілін қорлаған бұрынғы Ресей азаматы 15 күнге қамалды
