Қазақстандықтарға Қытайда өз жүргізуші куәлігімен көлік жүргізуге рұқсат берілмек
Еліміздің Ішкі істер министрлігі Қазақстан мен Қытай азаматтарының жүргізуші куәлігін екі елде де тану туралы келісім жасауды ұсынды. Құжатта қажет болған жағдайда жүргізуші куәлігін айырбастау мүмкіндігі де қарастырылған. Ұсыныс “Ашық НҚА” порталында жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоба Қазақстан мен Қытай азаматтарының бір-бірінің аумағында уақытша немесе тұрақты жүрген кезде көлік жүргізу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған. Келісім екі ел арасындағы көлік қатынасын, туризм мен іскерлік байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.
Жобаға сәйкес, екі елдің азаматтары белгіленген талаптарды сақтап, басқа мемлекет аумағында ұлттық жүргізуші куәлігімен жеңіл көлік жүргізе алады.
Сонымен қатар жүргізуші куәлігін қайта оқып, емтихан тапсырмай-ақ айырбастауға мүмкіндік беріледі. Ол үшін қабылдаушы елдің заңнамасында белгіленген талаптарды орындау қажет.
Келісім оған қол қойылып, қажет ішкі мемлекеттік рәсімдер аяқталған соң күшіне енеді. Бұл азаматтарға әкімшілік кедергілерді азайтып, көлік жүргізуге қолайлы жағдай жасайды.
Құжаттың түсіндірме жазбасында жоба әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан теріс салдарға әкелмейтіні және ұлттық қауіпсіздікке әсер етпейтіні айтылған.
Жоба бойынша қоғамдық талқылау 2026 жылы 30 тамызға дейін жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін Енді Дубайда қазақстандық жүргізуші куәлігімен көлікке мінуге болатыны туралы жазған едік.
Қазақ тілін қорлаған бұрынғы Ресей азаматы 15 күнге қамалды
