"Телефонды табыс көзіне айналдыру керек": Тоқаев цифрлық құралдарды тиімді пайдалану керегін айтты
Тоқаев жастардың цифрлық құрылғылар мен жасанды интеллектіні тұрақты табыс табу үшін пайдалана білуі маңызды екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің сөзінше, жастар цифрлық технологияларды тек күнделікті қолданумен шектелмей, оларды табыс табудың құралына айналдыра білуі керек.

“Бізге цифрлық мемлекеттен цифрлық халық экономикасы деген түсінікке көшу қажет. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуы тиіс”, – деді президент.
Тоқаев жастарға цифрлық технологияларды тиімді пайдалануды үйрету қажет екенін айтты. Оның айтуынша, бұл әсіресе ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Оған қоса президент балалар мен мұғалімдердің жасанды интеллектіні дұрыс әрі жүйелі қолдануын реттейтін нақты шараларды шұғыл қабылдау қажет екенін айтты.
“Биыл мамырда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойылды. Алайда жаңа оқу жылы қарсаңында бұл тапсырма тиісті деңгейде орындалмаған. Бұл үлкен кемшілік. Себебі неде? Бәрібір технология қарыштап дамыған заманда мұндайға жол беруге болмайды”, – деді Тоқаев.
Президент үкіметке орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні қолданудың ортақ стандартын енгізуді тапсырды.
Оның айтуынша, мұндай стандарт жоғары білім саласында қазірдің өзінде бар. Ол жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық ерекшеліктерін ескереді, дейді президент.
Айта кетейік, бұған дейін Балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салу мәселесі Құрылтайдың алғашқы сессиясында қаралатыны туралы жазған едік.
Қазақ тілін қорлаған бұрынғы Ресей азаматы 15 күнге қамалды