"Біз үшін жұмыс кестеңізді өзгерттіңіз": Тоқаевпен келіссөз жүргізген Бельгия Королі мен Патшайымы алғыс айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі мен Патшайымымен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Филипп пен патшайым Матильда Қазақстанның дамуына жоғары баға беріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлығы үшін алғыс айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Келіссөз барысында Тоқаев Филипп пен патшайым Матильданың Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашатын тарихи оқиға екенін атап өтті.
“Сізді Астанада қарсы алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Тарихи сапарыңыз жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстанға келген делегация құрамына Үкімет пен аймақтық билік, іскерлік топтар, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енген. Сіз Тақ мұрагері ретінде Қазақстанға үш мәрте келген едіңіз. Елімізбен қарым-қатынасты дамыту жөніндегі ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің қолдауыңызды әрдайым сезінеміз”, – деді ол.
Осы тұста Тоқаев Бельгия мен Қазақстанның арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына келесі жылы 35 жыл толатынын жеткізді.
“Осы жылдарда шынайы достық пен өзара құрметке негізделген тығыз қарым-қатынасты жолға қойдық. Үздіксіз саяси диалог ынтымақтастығымыздың берік тұғыры іспеттес. Біз жетістіктеріңізді ұдайы қарап отырамыз. Бұл шын мәнінде таңғалдырады. Сіздерден үлгі алып, тәжірибелеріңізді үйренуіміз қажет. Бельгияға бес жыл бұрын жасаған сапар барысындағы мазмұнды келіссөздерді ықыласпен еске аламын. Биыл маусым айында Бельгияға барған сапарымда Премьер-министр Барт де Вевермен келіссөз жүргізіп, серіктестікті нығайтуға қос тарап та бейіл екенін растадық”, – деп қосты мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Король Филипп пен Патшайым Матильда қонақжайлығы мен сый-құрметі үшін Қазақстан Президентіне шынайы ризашылығын білдірді. Тоқаевқа уақыт бөлгені үшін ерекше алғыс айтты.
“Қазақстан – біз үшін қарқынды дамып келе жатқан өте маңызды ел. Жалпы, Бельгия тұтас Орталық Азия өңіріне айрықша қызығушылықпен қарайды. Бұл өңірдің мәні зор. Менімен бірге үлкен делегация келді. Әлбетте, біз бір-бірімізді өте жақсы білеміз. Елдеріміз 35 жыл ішінде жақсы қарым-қатынас орнатты. Біз осы тарихи межені бірге атап өтуге ниеттіміз. Сонымен қатар ынтымақтастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтеретінімізге сенімдімін. Менімен бірге келген делегация құрамына келешекке бағдарланған түрлі саланың өкілдері кірді. Президент мырза, бізбен бірге жүру үшін жұмыс кестеңізді өзгерткеніңізді білемін. Осы ықыласыңызға тәнтіміз. Сондықтан алтын уақытыңызды бөліп, құрмет көрсеткеніңізді жоғары бағалаймыз, – деді Бельгиялықтар Королі Филипп.
Еске салсақ бұған дейін Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Король Филипп пен Патшайым Матильданы елорда әуежайынан қарсы алған болатын.