Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға тым ыстық шай мен кофе ішпеуге кеңес берді
Денсаулық сақтау министрлігі тым ыстық шай мен кофе өңеш обырының даму қаупін арттыратынын айтып, қазақстандықтарға ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік Оксфорд университетінің ғалымдарының зерттеуінен мысал келтіріп, ыстық сусыннан болатын қауіпті атады.
“Зерттеу барысында 1 миллионға жуық адамның деректері талданған. Нәтижелер көрсеткендей, ішілген сусынның мөлшері ғана емес, оның температурасы да маңызды. Өте ыстық сусындарды ұнататын адамдарда өңештің жалпақ жасушалы обырының даму қаупі жылы сусын ішетіндермен салыстырғанда 3 еседен астам жоғары болған”, – делінген хабарламада.
Министрліктің түсіндіруінше, күніне алты немесе одан да көп кесе ыстық сусын ішу обырдың осы түрінің даму қаупінің 71%-ға артуымен байланысты болған.
“Сонымен қатар шай мен кофені тұтынудың арасында айтарлықтай айырмашылық анықталмаған. Ғалымдардың пайымдауынша, негізгі рөлді сұйықтықтың жоғары температурасы атқаруы мүмкін. Өйткені ол өңештің шырышты қабығын зақымдауы ықтимал. Сүйікті шайыңыздан немесе кофеңізден бас тартудың қажеті жоқ. Ең бастысы — сусынның сәл салқындауын күтіп, ауыз күйдіретіндей ыстық күйінде ішпеу. Денсаулыққа қамқорлық қарапайым әдеттерден басталады”, – деді ведомство.
Министрлік кейде ішетін сусынның өзін емес, оның температурасын өзгерту жеткілікті екенін түсіндірді.
