Қазақстанда оқушыларға амандасу ережелерін үйретпек: Арнайы топ құрылды
Қазақстан мектептерінде енді оқушыларға амандасу мәдениеті үйретіледі. Оқу-ағарту министрлігі балалардың үлкенге құрмет көрсетуіне қатысты арнайы ұсынымдар әзірлеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құрылтай депутаты Ерлан Саировтың сауалына қатысты Оқу-ағарту министрлігі берген жауабында осы мәселеге орай Ұлттық білім академиясы арнайы жұмыс тобы құрылғаны айтылған. Ведомствоның мәліметінше, оның құрамына ғалымдар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері кірген. Олар оқушылар арасында амандасу мәдениетін қалыптастыруға көмектесетін әдістемелік ұсынымдар әзірлеуде.
"Білім алушылардың амандасу мәдениетіне қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр", – делінген министрлік жауабында.
Оқу-ағарту министрлігі ұсынымдарды дайындау кезінде мұғалімдердің, білім беру үдерісіне қатысушылардың, мүдделі тараптар мен мемлекеттік органдардың ұсыныстары ескерілетінін атап өтті. Дайындалған құжат депутаттармен де қосымша талқыланады.
Ведомство өкілдері амандасу мәдениеті ұлттық дәстүрлерді сақтауға, үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет көрсетуге және адамдар арасындағы сыпайылықты қалыптастыруға ықпал ететінін алға тартты. Алайда ұсынымдардың нақты қашан дайын болатыны және мектептер үшін міндетті талапқа айнала ма, жоқ па – әзірге белгісіз.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Ерлан Саиров Қазақстан мектептерінде амандасу мәдениетін күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруды ұсынған еді. Депутаттың пікірінше, үлкенге құрметпен амандасу балалардың бойына сіңген әдет болуы керек. Ол мұны тек тәрбие сағаттарымен шектемей, арнайы ұсынымдар әзірлеуді, сынып сағаттарында талқылауды, мектеп ережелеріне енгізуді, тәлімгерлік жұмысын күшейтуді, ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеуді және мұғалімдердің жеке үлгісін пайдалануды ұсынды.
