Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат қазақстандық мектеп оқушыларына дұрыс амандасуды үйретуді ұсынды

амандасу депутат
Фото: ЖИ

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр амандасу мәдениетін мектептегі күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруды ұсынды. Оның пікірінше, бір-біріне құрметпен қарау бір реттік тәрбие жұмысы емес, балалардың күнделікті әдетіне айналуы керек. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

 

Депутат Қасым-Жомарт Тоқаевтың “халқымыздың баға жетпес қазынасы – ұлттық мұраны сақтаудың басты міндет” деген сөзін алға тартты. 

“Мемлекет басшысының ұлттық құндылықтарға сай амандасу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасы да осы саясаттың нақты көрінісі. Қазақтың амандасу мәдениетінің басты ерекшелігі – ұстамдылық. Амандасу – ең қарапайым болғанымен, мәдени кодымыздың терең мәні бар элементтерінің бірі", – деді депутат.

Ерлан Сайырдың айтуынша, мәдениет концерттермен, театрлармен және музейлермен ғана шектелмейді. Ол адамның күнделікті жүріс-тұрысынан, әдептілігінен, айналасындағыларға деген қарым-қатынасынан және қоғамдық әдеп нормаларын сақтауынан көрінеді.

Сондай-ақ оның сөзінше, әр халықтың амандасу дәстүрі сол ұлттың мәдени ерекшелігінің бір бөлігі. Жаһандану жағдайында бұл дәстүрлерді сақтау ұлттық мәдени ерекшелікті сақтаудың бір жолы болуы мүмкін.

"Мәдени код ұрандардан емес, күнделікті әдеттерден басталады", – деп атап өтті Ерлан Сайыр.

Осыған байланысты депутат ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде амандасу мәдениетін қалыптастыруға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеуді ұсынды.

Сондай-ақ ол мектептердегі күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты бөлігі ретінде амандасу мәдениетін қалыптастыру қажет деп санайды. Ол үшін сынып сағаттарын, мектеп ережелерін, тәлімгерлік жұмыстарды, ата-аналармен жұмысты, педагогтердің жеке үлгісін және мектептегі жалпы мәдени ортаны пайдалануды ұсынды.

Бұдан бөлек, депутат мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ жоғары білім беру ұйымдарымен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын қазіргі тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу туралы айтып қалды. 

Оның пікірінше, мұндай тәсіл балалардың құрметпен қарым-қатынас жасау мәдениетін жекелеген сабақтар мен іс-шаралар арқылы ғана емес, күнделікті әдеттер негізінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев беттен сүйіп амандасатындарды сынап тастаған еді. Президенттің айтуынша, адамдар мәдени түрде сәл жымиып амандасуы керек. 

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 10 Қыркүйек, 2026 15:12