Тоқаев сынаған бет сүйісіп амандасу қазақтың дәстүрінде болған ба? Этнографтар жауап берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың бір-бірімен бет сүйісіп амандасуын әдепсіздік деп сынаған болатын. Дегенмен бүгінде той-думандардан бөлек, күнделікті өмірде құшақтасып, бет сүйісіп амандасу әдетке, жақындық пен сыйластықтың белгісіне айналған. Ал бұл мәдениет бізге қайдан келген? Беттен сүйіп амандасу қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрпында болған ба? Stan.kz тілшісі этнограф мамандардан сұрап білді.
“Сүйіскен Брежнев пен Қонаев, Путин құшақтаған Тоқаев: Саясаткерлердің ерекше амандасуы”
Бұған дейін де саясатта сүйісіп амандасқан жайттар болған. Мәселен Кеңес дәуірінде Леонид Брежневтің барлық шенділермен сүйсіп амандасқаны тарихта қызық факт ретінде қалған. 1976 жылы Брежнев пен Қонаевтың сүйісіп амандасқан кадрлары да сақталған. Мұнда Брежневтың Алматыға сапары көрсетілген. Ол ұшақтан түсе сала өзін салтанатты түрде күтіп алған Қонаевпен қол алысып, кейін әдетінше сүйісіп амандасады.

Бірақ тарихқа көз жүгіртсек, ер адамдардың бір-бірімен сүйісіп амандасуы Сталин мен Хрущевке де тән болған. Брежнев те осы дәстүрді жалғастырды. Оның тамыры сонау көне заманнан бастау алады. Мұндай амандасу — адамға деген шынайы қуаныш пен құрметтің белгісі болған.
Одан бөлек, 1991 жылғы оқиғаларды сипаттайтын e-history материалында Дінмұхамед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың көпшілік алдында құшақтасып, сүйіскені тікелей жазылған.
Назарбаев пен Путиннің де бірнеше кездесуде жақын құшақтасып амандасқанын көруге болады. Мәселен 2018 жылғы 8 қарашада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммиті қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларын қарсы алды. Сол кезде Владимир Путин Назарбаевпен жылы амандасып, қол алысып қана қоймай, оны құшақтаған сәтінің суреті сақталып қалған.

Саясатта көпшілік сезімін ашық көрсете бермейді. Нұрсұлтан Назарбаевтың біреуді сүйіп тұрған суреттері фотографтардың архивінде көп кездеспейді. Дегенмен, ондай кадрлар бар. Мысалы, 2005 жылы президент сайлауында 91 пайыз дауыс жинаған Назарбаевтың қуаныш үстінде қызы Дариғаны сүйіп тұрған суреті сақталған.

2025 жылғы 11 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге мемлекеттік сапармен барған. Сол сапардың алғашқы күні Владимир Путин оны Кремльде бейресми кешкі асқа қабылдаған. Кешкі астан кейін Путин Тоқаевты көлігіне дейін өзі шығарып салған. Екеуі Кремльдің баспалдағымен бірге түсіп, қоштасар кезде тек қол алысып емес құшақтасқан.

Осы мысалдардан сүйісіп немесе құшақтасып амандасу, қоштасу тек жеке адамдардың арасындағы әдет емес, белгілі бір кезеңдерде саяси қарым-қатынастың да қалыптасқан формасы болғанын көруге болады. Дегенмен қазақ қоғамында адамдардың бет сүйісіп амандасуы күнделікті көрініске айналып кеткен. Той, құдалық, жиындарда туыстардан бөлек, алыс таныстардың өзі беттен сүйіп амандасып жатқаны байқалады.
“Келінінің өзі қайын атасы, қайын ағаларымен бет сүйісіп амандасып жатады”
Осы тұста этнограф Жамали Диханұлы бүгінде амандасу әдебі мүлде өзгеріп кеткенін алға тартты. Айтуынша, бұрынғы әдеп пен биязылықтың орнына оғаш мәдениет келген.
“Шыны керек, қазір жастар тесіле қарап амандық сұраспайды немесе амандасқандардың өзі ерсілік танытып жатады. Келінінің өзі қайын атасы, қайын ағаларымен бет сүйісіп амандасып жатады. Сырттан қарағанда оғаш көрінетін бұл дәстүр бұрын бізде болмаған. Қазақ даласында кезінде амандасу әдебі мүлде басқаша көрініс тапқан. Ер мен әйелдің беттен сүйіп, құшақтасуы ешқашан болмаған. Тіпті баланың өзін иіп жақсы көрген кезде маңдайынан иіскеп қана қойған. Ешқашан шолпылдатып сүю деген болмаған. Бұлардың бәрі бертін шыққан. Сүйісіп, құшақтасу мәдени алмасулар кезінде бізге де келіп жеткен”, – деді маман.
Жамали Диханұлы ата-бабаларымыздың тіпті тек көрісу кезінде ғана қол алысқанын жеткізді.
“Негізінде ата-бабаларымыз киіз үйге кіргенде қолдарын кеуделеріне қойып бас иіп амандасқан. Отырған адамдардың бәрінің қолын алу міндеті болмаған. Кейін келген адам өзінің жасы, деңгейіне қарай орын таңдап отырған. Әйел адамдарға да қол беріп амандаспаған. Әйел мен ердің қол беріп, сүйісіп амандасуы өте ерсі болып есептелген. Себебі әдептің үлкені бізде болды. Әйелдер дауысын жаймен шығарып “сәлеметсіз бе” деп қана амандасқан. Ал көрісу кезінде ерлер ер адамдармен әйелдер әйелдермен қол алысып амандасатын болған. Бұл кезде ауыл мәселелерін көтеріп, ас үстінде ерлер бөлек, әйелдер бөлек әңгіме құрған. Төс қағыстырып, құшақтасып, бет сүю деген болмаған”, – деп қосты ол.
“Сүйісіп амандасу ешқандай тарихи кітаптарда жазылмаған”
Осы тұста маманның айтуынша, қазақтың дәстүрлі амандасу мәдениетінде сөздің орны ерекше болған. Ата-бабаларымыз бір ауыз сәлемдесудің өзіне ақ тілегін, елдің амандығын, береке мен бірлікке деген ниетін сыйғыза білген.
“Әр түрлі ғалымдардың тарихи кітабын қарасақ, ерлер мен әйелдердің бет сүйісіп амандасуы деген мүлде кездеспейді. Ондай жоқ деп айта аламын. Мұхтар Мағауин, Мырзахметов атамыздың кітаптарында да, мысалы қазақтың қысқаша тарихын жазған Нығмет Мыңжанның кітаптарында да мұндай әдеп көрінісі жоқ. Қорыта айтқанда бұл басқадан келген кірме мәдениет. Біз әдепті сақтаған, ибамен, ізетпен, ыммен “қызым саған айтамын, келінім сен тыңда” дегендей өзіміздің ешкімге ұқсамайтын дара мәдениетімізбен өмір сүрген халық едік. Дегенмен жаһандану дәуірінде бұл өзгерді”, – деп ой білдірді маман.
Этнограф Бұлбұл Кәпқызы да ата-бабаларымыздың амандасу әдебі өте мәдениетті болғанын алға тартты.
“Қазақ халқы жалпы өте ұзақ амандасқан. Олар тек сенің ғана қаліңді емес, мал-жан, ауыл-аймақ, көрші-қолаң бәрін сұраған. Бүкіл жан-жақты, аймақтың амандығын сұрап амандасқан. Әйел адамдар “сәлеметсіз бе” деп қысқа ғана амандасады. Тек ұзақ жасаған бақуатты аналарымыз ғана ұзақ амандасады. Ал ер адамдар “амансыз ба, ауыл аймағыңыз аман ба” деп амандасады. Бірақ сүйсіп амандаспаған. Қазақ Наурызда жылына бір рет айдан аман, жылдан есен шыққан кезінде бір құшақтасып амандасады. Одан кейін көп жыл көрмеген адамдармен ғана құшақтасып амандасқан. Ал күнделікті ер адамдар өзара тек қол берісіп амандасқан. Әйел адамдар қолын кеуде тұсына апарып, басын изеп амандасқан. Қазақта ер адамдар әйелмен сүйіспек түгілі қол ұстасып амандаспаған”, – деді ол.

“Сүйісіп амандасу гигиенаға жат”
Осы тұста маман бет сүйісіп амандасу бізге Еуропадан келген деген болжам айтты.
“Сол жақтың мәдениетінде адамдар бет сүйісіп амандасқан дегенді көп естігенмін. Мұны бір үлкен дамыған мәдениет деп те санап жатады. Сол себептен бет сүйісіп, қол алысып амандасу бізге де күнделікті өмірімізге кірігіп кеткендей. Біз қазақ өте еліктегіш халықпыз. Солай біреудің таңсығына еліктеп, бойымызға тез сіңіріп аламыз. Ал өзіміздің дәстүрімізді ескірген соңғы үлгідегідей көреміз. Батпандап кірген дүние, мысқалдап шығады. Сүйісіп амандасу біздің мәдениетімізге өте терең кіріп кетті. Енді мұны шығару оңай нәрсе емес. Өйткені тіпті тойда құда мен құдағи бір-бірінің бетінен үш рет сүйгізіп, құшақтасып, жаңа көргендей амандасып құшақтасып жатады. Тойымыздың өзінде сондай дәстүр қалыптасып кетті. Сондықтан бұл дәстүрді бүгін-ертең жоя алмаймыз. Бірақ біртіндеп адамдардың санасы оянып келе жатқандай. Бұл оғаш әрекетті болмайды екен деп айтып жүргендер де бар”, – деп қосты ол.
Бұлбұл Кәпқызы жастарды оғаш амандасу әдебінен алшақтату үшін тазалық, гигиена мәселесін қозғауды ұсынды.
“Әркім өзінің жеке мәдениетін қалыптастыру үшін бұдан бас тартуға болатын шығар деп ойлаймын. Бұл енді жеке адамның жеке мәдениетіне де байланысты. Біз сырттың дүниесіне еліктемей, ата-бабамыздың дәстүрін жалғастыруымыз керек. Бұл қазір үлкендердің де, жастардың да әдебіне әбден сіңіп кеткен. Дегенмен жас буынға бұл дәстүрді қойғызатын жалғыз ғана аргумент бар. Бұл – гигиена. Адамның сілекейінде бүкіл организмнің бактерия, вирустары тұрады. Сондықтан сүйісіп амандасу гигиенаға жат дүние. Сол жағын айтып қойғыза аламыз. Дегенмен мәдениетке сіңіп кеткен дүниені бірден шығару оңай емес”, – деп қорытты маман.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев беттен сүйіп амандасатындарды сынап тастаған еді. Президенттің айтуынша, адамдар мәдени түрде сәл жымиып амандасуы керек.