Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әріптесінің хабарламасы алматылықты бір өлімнен құтқарып қалды

бетон плита құлаған
Фото: Желі кадрларынан скрин

Алматыда құрылыс алаңындағы краннан бетон плита адамдар жүретін жолға құлап, тұрғын бір өлімнен аман қалды. Оқиға кезінде ол әріптесінің хабарламасына жауап беру үшін бір сәтке тоқтап үлгерген, әйтпесе бетонның астында қалуы мүмкін еді. Тұрғын құрылыс қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылығын айтып, BI Group компаниясына шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тұрғын басынан өткен жағдайды желіде жариялады. Айтуынша оқиға Серкебаев – Байқадамова көшелерінің қиылысында болған. 

“Бүгін менде қызықты жағдай болды. ВI Group компаниясының кесірінен сәл болғанда өмірден өте жаздадым деуге болады. Краннан бетон плита жолға құлап, қоршауды қиратып кетті. Мені әріптесімнің хабарламасы құтқарып қалды. Соған жауап беру үшін бір секундқа тоқтадым. Егер сол хабарлама болмағанда, дәл сол бетонның астында болар едім. Әлі күнге дейін өзіме келе алмай, шок болып жүрмін. Бәрі мүлде басқаша аяқталуы мүмкін еді”, – деп жазды ол. 

Stan.kz тілшісі болған оқиғаға байланысты BI Group компаниясынан пікір сұрады. Дегенмен компания бұл құрылыс жұмыстарына қатысы жоқ екенін, мұны басқа меншік иесі орындағанын жеткізді.

“BI Group компаниясының жер телімінде бұған дейін өзге тұлғаға тиесілі болған құрылыс нысаны орналасқан болатын. Шарттың талаптарына сәйкес, бұрынғы меншік иесі өзіне тиесілі нысанды құрылыс материалдарын кейін өз қажетіне пайдалану үшін сақтап, бөлшектеу жұмыстарын өзі жүргізген. BI Group компаниясының бұл жүргізілген жұмыстарға қатысы жоқ. Аталған жұмыстар барысында бетон плитасы құлады. Ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орын алғаннан кейін бөлшектеу жұмыстары дереу тоқтатылып, біз аумақты бақылауды күшейттік. Мұндай жағдайлар қайталанбау үшін қосымша қауіпсіздік шаралары қабылданды. BI Group компаниясы жобаларды іске асыру кезінде адамдардың қауіпсіздігіне басты назар аударады”, – деп жауап берді компания.

Компания жер телімінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылайтынын жеткізді.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 17:31