Алматы тауларына шыққан 11 жастағы қыз жансақтау бөліміне түсті: Оны жылан шаққан болуы мүмкін
Алматыда жылан шаққан бала жансақтау бөлімінде жатыр. Оған қажетті уға қарсы сарысу іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Stan.kz редакциясы Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына препараттың қаладағы қоры мен баланың жағдайына қатысты сауал жолдады.
Threads желісіндегі Kukuzhika лақап атымен тіркелген қолданушы Алматыда жылан шаққаннан кейін жансақтау бөліміне түскен балаға уға қарсы сарысу іздестіріліп жатқанын жазған.
Оның айтуынша, балаға қажетті препараттың алғашқы дозасы Өзбекстаннан жеткізілген. Алайда оның мөлшері жеткіліксіз болған.
"Алматы, біздің қалада жылан шаққан жағдайда қолданылатын бірде-бір сарысу жоқ екенін білесіздер ме? Достарымыздың баласын жылан шағып алды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Осы препаратты шұғыл іздеп жатырмыз. Бірдеңе білсеңіздер, ақпарат таратыңыздар. Қажет болса, кез келген ақшаға сатып алуға дайынбыз. Қазір, ең бастысы, баланың өмірін сақтау болып отыр. Алғашқы дозасын Өзбекстаннан жеткізген еді, бірақ ол жеткіліксіз болды", – деп жазды ол.

Автор Алматы сияқты ірі қалада жылан уына қарсы препараттың қажетті қоры жоқ екеніне алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар әйел мемлекеттік тапсырыс өткізілгеніне қарамастан неліктен препарат қолжетімді емес екеніне күдік келтірді.
"Алматы сияқты тауға жақын, жыландар жиі кездесетін мегаполисте антидоттың қолжетімді қоры жоқ екеніне таңғалдым. Енді мұны жай ғана мәселе деп қарауға болмайды. Себебі баланы жылан шаққаннан кейін жансақтау бөлімінде жатыр", – деп жазды қолданушы.
Бұдан бөлек, оқырман қалада мұндай препараттың неге қоры жоқ екенін және төтенше жағдайларға медициналық ұйымдардың дайындығына кім жауапты екенін сұрады.
Пікірлерде Айнұр Құмарғали препараттың сатып алынғанына қарамастан, неге іс жүзінде қолжетімсіз болғанын анықтау үшін тексеру жүргізуді сұрады.
Денсаулық басқармасы не дейді?
Осыған байланысты редакция Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жағдайға қатысты түсініктеме алу үшін сауал жолдады. Басқарманың мәліметінше, балаға қажетті сарысу Өзбекстаннан жеткізілмеген.
"Жылан уына қарсы сарысу Өзбекстаннан тапсырыс берілді деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қажетті препарат бала ауруханаға түскен кезде стационарда болған және қазір де бар", – деп хабарлады басқарма.
Басқарманың мәліметінше, 19 қыркүйекте 11 жастағы қыз тауда серуендеп жүрген кезде белгісіз жәндік немесе жануар шаққаннан кейін Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген. Дәрігерлер баланы жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызған.
"Дәрігерлер баланы нақты жылан, оның ішінде сұр жылан шаққанын растамайды. Алайда мұндай мүмкіндік жоққа шығарылмайды. Қолда бар мәлімет бойынша, бұл Алматыда жылан шаққан болуы мүмкін деген күдікпен тіркелген алғашқы жағдай", – делінген хабарламада.
Баланың жағдайына байланысты дәрігерлер оған жылан уына қарсы сарысудың бір дозасын енгізген.
"Сарысудың алғашқы дозасы енгізілгеннен кейін баланың жағдайында оң өзгеріс байқалды. Қосымша дозалар медициналық көрсетілімдерге, клиникалық жағдайға және науқастың жағдайының өзгеруіне қарай енгізіледі. Қажетті сарысу Алматыдағы медициналық ұйымдарда, соның ішінде травматологиялық пункттерде бар", – деп хабарлады басқарма.
Қазір қыздың жағдайы тұрақты, ем қабылдап, мамандардың бақылауында.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты