Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында далада жалғыз жүрген 4 жасар баланы пойыз машинисі құтқарып қалды

Ер адам мен бала
Фото: Видеодан скриншот

Жетісу облысында теміржол маңында жалғыз жүрген төрт жасар баланы жүк пойызының машинисі байқап, қауіптің алдын алды. Оқиға 20 қыркүйекте Сарыөзек – Үштөбе теміржол учаскесінде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ҚТЖ мәліметінше, кішкентай бала иен далада жалғыз өзі Айнабұлақ станциясына қарай кетіп бара жатқан. Осы сәтте Тауарасы – Айнабұлақ аралығымен келе жатқан жүк пойызының машинисі оны теміржол маңынан байқап қалған.

Пойыз сол сәтте сағатына шамамен 38 шақырым жылдамдықпен келе жатқан. Машинист бірден тежегішті басып, құрамды тоқтатқан. Кейін баланы локомотив кабинасына отырғызып, жағдай туралы пойыз диспетчеріне хабарлаған.

Айнабұлақ станциясына жеткен соң төрт жасар бала кезекші қызметкерге тапсырылды. Станция қызметкері оның ата-анасымен байланысқан.

Ал баланың иен далаға қалай шығып кеткені және теміржол маңында не себепті жалғыз жүргені әзірге белгісіз.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысында атпен жүрген полицей айдалада адасқан 3 жасар баланы тапқаны хабарланған еді. Оқиға биыл 8 сәуірде болған. Балақай байқатпай үйдің ауласынан шығып кетіп, жоғалып кеткен. Таңертең жақындары оны өздері іздей бастағанымен, сағат 11:00 шамасында полиция көмегіне жүгінген. Осыдан кейін іздеу жұмыстарына барлық қажетті күш жұмылдырылды. Бірнеше сағаттан кейін іздеу барысында атпен жүрген полиция қызметкері айдалада кішкентай баланың бейнесін байқайды. Ол елдімекеннен алыс жерде жалғыз жүрген. Сағат 14:00 шамасында бала елдімекеннен шамамен 3 шақырым жерден табылды. 

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 21 Қыркүйек, 2026 10:25