Тұқым да, техника да жоқ: Қарағанды облысында егін жұмыстарына бөлінген 300 миллион теңге жымқырылған
Қарағанды облысында “Кең Дала 2” бағдарламасы арқылы алынған 300 миллион теңге несиеге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ақшаны мақсатсыз пайдаланды деген күдікпен “Рашан” ЖШС директоры күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2025 жылы мамырда “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның филиалы “Рашан” ЖШС-не айналым қаражатын толықтыру үшін 300 миллион теңге қарыз берген. Қарыздың қайтарылатынына “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ кепілдік берген.

Шарт талаптарына сәйкес, “Рашан” ЖШС-нің есепшотына 300 миллион теңге аударылған. Алайда кейін тергеу барысында бұл қаражаттың нақты мақсатқа жұмсалмағаны анықталған.
Агенттік мәліметінше, ақша егіс науқанына қажет шығындарды төлеу мақсатында екі ЖШС-ге аударылған. Оның ішінде:
- 148 миллион теңгеге жуық – тұқым сатып алуға;
- 152 миллион теңге – ауыл шаруашылығы техникасын жалға алуға, жанар-жағармай мен жұмысшылардың еңбекақысына бағытталған.
Алайда іс жүзінде тұқым сатып алынбаған, ауыл шаруашылығы техникасы жалға алынбаған және көрсетілген жер телімдеріне егін егілмеген. Осы дерек бойынша Қаржы мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті тергеу жүргізіп жатыр.
Іс аясында “Рашан” ЖШС директоры күдікті деп танылған. Сот санкциясымен оның мүлкіне тыйым салынған. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайлары жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Елдің оңтүстігінде жоқ малды бар деп көрсетіп, 103 миллион теңге жымқырғандар ұсталғаны туралы жазған едік.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты