Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдің оңтүстігінде жоқ малды бар деп көрсетіп 103 миллион теңге жымқырғандар ұсталды

мал шаруашылығы
Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысында ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемденді деген күдікке ілінген қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер субсидия алу үшін басқа адамдардың атына тіркелген төрт жеке кәсіпкерлік пен "Нұр-Келес" және "Бимен С." ЖШС-лерін пайдаланған. Кәсіпорындар құжат жүзінде басқа адамдарға тиесілі болғанымен, іс жүзінде оларды күдіктілер басқарған.

Олар кәсіпкерліктердің электрондық цифрлық қолтаңбаларын, мөрлерін және банк шоттарын пайдалануға мүмкіндік беретін нотариалды сенімхаттарды алған.

Кейін күдіктілер ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алғаны, олардың шаруашылықта бары және асылдандыру жұмыстарын жүргізгені туралы ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізген. Осы мәліметтерге сүйеніп, мемлекеттен субсидия алу үшін электрондық өтінімдер берген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, бюджеттен алынған ақша кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, күдіктілер арасында бөлінген және жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

Мемлекетке келтірілген залал көлемі 103 миллион теңге деп бағаланып отыр.

Сот шешімімен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынған. Оның ішінде екі тұрғын үй, төрт автокөлік, автотұрақ орны және жер телімі бар.

Күдіктілердің біреуі қамауға алынған. Екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайды. Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденген жоқ. Олардың кінәлі немесе кінәсіз екенін сот анықтайды.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысында шаруа қожалығының басшысы жалған құжаттар арқылы ірі қара мал сатып алуға 250 миллион теңгеден астам жеңілдетілген несие рәсімдегенін жазған едік. Тергеу мәліметінше, несиеге алынған қаражат мал шаруашылығын дамытуға жұмсалмай, жеке мақсаттарға пайдаланылған. Мемлекетке келген 211 миллион теңге шығын тергеу барысында толық өтелген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 09:32