Ақмола облысында жоқ малды бар деп көрсетіп, 50 миллион теңгеден астам субсидия алғандар тергеліп жатыр
Ақмола облысында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 50 миллион теңгеден астам бюджет қаражатына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тергеуді ведомствоның Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізіп жатыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, "Медина" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны қолды еткен.
"Ақпараттық жүйеге 57 асыл тұқымды бұқа бар деген жалған мәлімет енгізіліп, соның негізінде бюджеттен 9 миллион теңге аударылған. Кейін осы деректерге сүйеніп, іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек, төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Соның салдарынан тағы 27 миллион теңге субсидия негізсіз алынған. Мемлекетке келтірілген залал 50 миллион теңгеден асты", – деп жазылған агенттік хабарламасында.
Осыған байланысты кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Атыраудағы лотос алқабы: Мамандар жергілікті емес өсімдіктердің экожүйені жойып жіберуі мүмкін екенін айтты
