21 миллиард теңге жымқырған: Отбасыларға баспана сыйлаған қор басшысы Amanat Drive ісі бойынша сотталды
Қонаев қаласында Amanat Drive қаржы пирамидасының басшыларына қатысты сот үкімі шықты. Қаржылық пирамидаға 8 мыңнан астам адам қаржы салған, ал тартылған қаражаттың жалпы көлемі 21 миллиард теңгеден асқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, пирамидадағылар клиенттерді баспана мен автокөлікті тиімді шарттармен, яғни пайызсыз әрі кейін бөліп төлеу мүмкіндігімен сатып алуға болатынын айтып, тартқан. Тергеу барысында жиналған қаражаттың бір бөлігі бақылаудағы компаниялар арқылы шығарылғаны анықталған. Схемада "Алло, не керек", "I M@RKETING" және "Gold SapaPremium" ЖШС-лері болған. Ресми түрде бұл компаниялар жарнама, талдау және жылжымайтын мүлік пен көлік нарығындағы болжам жасау қызметтерін көрсеткен.
“Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл қызметтерді көрсету туралы келісімшарттар жалған болған. Осы тәсілмен 1,8 млрд теңгеден астам қаражатты шығарып, қолма-қол ақшаға айналдырған. Сотталғандар тартылған қаражат есебінен екі пәтер мен Lexus маркалы үш автокөлік сатып алған. Оларды тәркіленуі мүмкін екенін жасыру мақсатында сенімді адамдарының атына рәсімдеген", – делінген хабарламада.
Сот пәтерлер мен автокөліктерді мемлекет кірісіне тәркіледі. Шукен К.К. сегіз жылға, ал Уратбек М.С. бір жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, сотталғандардың бірі – Шукенов Көңілбай "ASYL ADAM" тұрғын үй және қорының негізін қалаған. Ол қорды 2014 жылы іске қосқан. Осы уақыт ішінде қор 45-тен астам аз қамтылған отбасыға баспана сыйлаған. Ал 2019 жылдан бері 400-ден астам қазақстандық тұрғын үйді артық төлемсіз алған.
"ASYL ADAM" қайырымдылық қорының негізгі мақсаты – аз қамтылған және жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету болды.
