Астанада қылмыстық топ адамдарды автонесие алуға көндіріп, қаржы пирамидасын құрған

Астанада ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары қаржы пирамидасын құрып, алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қылмыстық топ құрамында 10-нан астам адамның болған және олардың әрқайсысының өзара нақты бөлінген міндеттері болған. Топ мүшелері азаматтарды 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін ақшалай сыйақы төленетініне сендіріп, автокредит рәсімдеуге көндірген. Сонымен қатар несие бойынша міндеттемелерді өздіміз өтейміз деп уәде еткен. Алынған автокөліктер заңсыз сатылып, олардың бір бөлігі Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шығарылған.
“Қылмыстық әрекеттердің салдарынан 100-ден астам азамат жәбірленуші деп танылып, барлығы 165 автокөлік рәсімделген”, – делінген хабарламада.
Сот үкімімен кінәлілер ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған басшылық жасағаны, қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны, сондай-ақ алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды.
Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Алматыдан Балиге дейін велосипедпен жеткен қазақстандық жұп 10 айлық сапары туралы айтып берді
Оқыңыз