Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай бірлескен инвестициялық қор ашуды жоспарлап отыр

Қазақстан мен Қытай
Фото: Қытайдағы Қазақстан Республикасының Елшілігі

Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту үшін көлемі 200 миллион долларға дейін жететін бірлескен инвестициялық қор құруды талқылап жатыр. Қордың қаражатын кейін көбейту мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Ұсынысты Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қытайдың қаржы министрі Лань Фоаньмен келіссөз кезінде көтерді.

Министрдің айтуынша, қорды іске қосу үшін екі елдің жауапты қаржы институттарын анықтап, оның қалай жұмыс істейтінін бірлесіп пысықтау қажет. Қор Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамытуға бағытталмақ.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай бірлескен жобаларды қаржыландырудың ортақ жүйесін қалыптастыруды көздеп отыр. Қазір екі ел арасында бірнеше қаржыландыру тетігі әзірленіп жатыр. Олардың қатарында Silk Road Finance Corporation қатысатын Kazakh Invest Fund, “Бәйтерек” холдингі мен Silk Road Fund қатысатын бірлескен тікелей инвестициялар қоры бар.

Сондай-ақ жобаларды ұзақ мерзімге несиелеу және сақтандыру бағытында Қазақстанның Даму Банкі, Қытайдың мемлекеттік банктері мен өзге де қаржы ұйымдарын тарту қарастырылған.

Серік Жұманғарин осы тетіктердің барлығын жаңа ұйым құрмай-ақ, бірыңғай қазақ-қытай жобалық қаржыландыру және сақтандыру жүйесіне біріктіруді ұсынды.

Министрдің пікірінше, мұндай тәсіл әрбір басым жобаға жеке қаржыландыру пакетін әзірлеуге мүмкіндік береді. Оның құрамына ұзақ мерзімді несие, сақтандыру, кепілдік, юаньмен қаржыландыру және қажет болған жағдайда жобаға үлестік қатысу кіруі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қытай “Қорғастағы” ережелерді өзгертетіні туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 10:26