Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай "Қорғастағы" ережелерді өзгертпек: Қазақстандықтар нені білуі керек

қорғас
Фото: "Қорғас" кеден бекеті

Қазақстан мен Қытай "Қорғас" аумағында тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін бірлесіп жұмыс істемек. Жаңа келісімде күдіктілер шекарадан өтіп кеткен жағдайда не істелетіні және төтенше жағдайларда екі елдің қалай әрекет ететіні көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан ішкі істер министрлігі Қазақстан мен Қытайдың "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимылын реттейтін заң жобасын әзірледі. Заң туралы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, "Қазақстан Республикасының үкіметі мен Қытай Халық Республикасының үкіметі арасындағы "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының аумағында қауіпсіздік режимі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын дайындаған.

Министрліктің мәліметінше, келісімнің негізгі мақсаты – екі елдің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді құқықтық тетігін қалыптастыру.

Құжатқа сәйкес "Қорғас" аумағында құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген немесе айыпталған Қазақстан, Қытай, үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қудалау әр елдің аумақтық юрисдикциясына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер күдікті немесе айыпталушы орталықтың екінші елге тиесілі бөлігіне өтіп кетсе, сол елдің құзыретті органдары бұл туралы қудалауды жүзеге асырып жатқан тарапқа хабарлап, тергеу жүргізуге және адамды ұстауға жан-жақты көмек көрсетуге міндетті болады.

Келісімде жаппай тәртіпсіздіктер, террористік актілер және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де жағдайлар кезіндегі әрекеттер де қарастырылған. Мұндай жағдайда екі елдің құзыретті органдары қауіптің алдын алу және оны залалсыздандыру үшін заң аясында барлық қажетті шараны қабылдайды.

Сонымен қатар келісімде ерекше талап белгіленген. Тиісті тараптың сұрауы болмаса немесе рұқсат берілмесе, оның ішінде форс-мажорлық жағдайларға теңестірілетін төтенше оқиғалар кезінде де, екінші тараптың құзыретті органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері орталықтың екі елге тиесілі бөліктері арасындағы шекараны кесіп өте алмайды. Заң жобасы 18 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда шетел азаматтарына елге кіру үшін электронды рұқсат алу талабы енгізілетінін жазған едік. Жаңа ереже 2027 жылғы 1 шілдеден бастап міндетті болады. Рұқсатты арнайы цифрлық платформа арқылы тегін рәсімдеуге болады. Жүйе 2026 жылғы қарашадан бастап кезең-кезеңімен іске қосылады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 17:57