"Өзі айтпаған сөздерді сөйлетуге болмайды": ҚМДБ марқұмдарға ЖИ арқылы жан бітіруге қатысты түсініктеме берді
Жасанды интеллектінің мүмкіндігі кеңейіп жатқанда адамдар онымен тірілерді құбылтып, марқұмдарды сөйлетіп, суреттерге жан бітіріп жүр. Тіпті дауысына дейін көшіріп, айтпаған сөздерін айтқызып жатыр. Бұл мәселеге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы араласып, ЖИ арқылы жандандыруға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның ”Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір аста, той қуанышта, әлеуметтік желілерде қайтыс болған адамдардың суретін сөйлетіп, қозғалысқа келтіретін видеолар көбейіп келеді. Бірі мұны жақынын сағынып, еске алудың амалы деп қабылдаса, енді бірі мұндай әрекеттерді құптамайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай әрекеттерге түбегейлі тыйым салмайды.
“Марқұмның бейнесін сағынышпен еске алу немесе көңіл жұбату мақсатында жандандыруға рұқсат. Алайда оның атынан өзі айтпаған сөздерді сөйлетуге, жалған ақпарат таратуға және жарнама ретінде пайдалануға болмайды”, – дейді мамандар.

Сондай-ақ бұл әрекет адамның психологиялық жағдайына зиян келтірмеуі керек дейді.
“Алдау болмаса, мазақтау болмаса, туыстарының рұқсатымен марқұмды қимылдатуға болады. Енді сөйлетудің де мәселесі алдауға жатпау керек. Атын пайдаланып хайп жинауға дін тыйым салады. Психологиялық тұрғыдан мамандар аса құптамайды екен. Қажет болмаса мұндай нәрсені көп қолдану адам психикасына теріс әсері бар дейді олар”, – дейді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.
Мәселеге қатысты қоғам белсенділерінің де айтары бар. Олардың пікірінше, технологияның мүмкіндігін пайдаланған кезде адамгершілік пен әдептілік шекарасын ұмытпау керек. Ұлы тұлғаларға бейәдеп сөздер айтқызуға, қайғылы жағдайда қаза болғандарды сөйлетіп ақша жинауға тыйым салынуы керек деп есептейді.
Бұған дейін қазақстандықтар қаза тапқан әскери қызметкерлер бейнеленген ЖИ-видеоларға наразылық білдірген еді. Желі қолданушылары ЖИ арқылы Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлерді "тірілтіп", олардың қаза болған сәттерін қайта жасап, қаралым мен лайк жинауға тырысқандарды сынға алды.
"Ішімді екі қолымен қатты басты": Қазақстандық әйел босану кезінде дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптады