Ресейде дәмханада жанжал шығарған қазақстандықтың үстінен қылмыстық іс қозғалды
Ресейдің Орынбор облысында 47 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды. Ер адам алдымен жол бойындағы дәмханада жанжал шығарып, кейін полиция қызметкерлерін балағаттаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, дәмхана қызметкерлері мас күйдегі келушінің басқа қонақтарға кедергі келтіріп жатқанын айтып, құқық қорғау органдарына шағымданған.
Оқиға орнына полицейлер келгенде, ер адам үстел басында ұйықтап жатқан. Оны оятуға әрекет жасаған кезде ол агрессия танытып, полиция қызметкерлеріне күш қолдануға тырысқан.
Осыдан кейін Қазақстан азаматы ұсталып, оған ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Кейін ол медициналық тексеруден өткізу үшін ауруханаға жеткізген. Алайда медициналық мекемеде ер адам полиция қызметкерлерін көпшілік алдында балағаттаған.

Осы оқиғадан соң ер адамның үстінен “билік өкілін қорлау” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ресейлік басылымдардың мәліметінше, бүл үшін қазақстандыққа бір жылға дейін түзеу жұмыстары тағайындалуы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін ресейлік рэпер NAVAI Қазақстан шекарасында есірткімен ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы әншінің ұсталу мән-жайын ресми түсіндіруді сұрап, қазақстандық тарапқа нота жолдады. Артынша Navai-ға қатысты қылмыстық іс бірден тоқтатылып, Қазақстаннан шығарылғаны белгілі болды.
"Ішімді екі қолымен қатты басты": Қазақстандық әйел босану кезінде дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптады