Қазақстанға екінші Airbus A400M әскери ұшағы жеткізілді: Ол қандай мақсатта пайдаланылмақ
Испаниядан Алматыға Қазақстанның әуе қорғанысы күштеріне арналған екінші ауыр әскери-көлік Airbus A400M Atlas ұшағы жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, A400M ұшақтары қорғаныс міндеттерін орындаумен қатар, төтенше жағдайлардың салдарын жою, халықты эвакуациялау және гуманитарлық көмек жеткізу мақсатында да пайдаланылуы мүмкін.
“Әскери-көлік авиациясын қолданудың тағы бір маңызды бағыты қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысуын қамтамасыз ету болмақ. Мұндай санаттағы ұшақтардың болуы ұлттық бітімгерлік контингентті өз күшімен тасымалдау мүмкіндігін кеңейтеді”, – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік жаңа ұшақты пайдалану үшін қазақстандық экипаждар мен инженерлік-техникалық қызметкерлер дайындалғанын атап өтті. Олар Испанияның Севилья қаласындағы Airbus оқу орталығында теориялық және практикалық даярлықтан өтіп, әуе кемелерін басқару, пайдалану және техникалық қызмет көрсету ерекшеліктерін меңгерген.
Айта кетейік, Airbus A400M әскери-көлік ұшағы Қазақстан, Түркия, Германия, Малайзия, Индонезия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Бельгия және Люксембургпен қоса, он елдің қарулы күштерінде қолданылады. Бұл ұшақ ауыр әскери техниканы алыс қашықтыққа тасымалдауға және қысқа әрі арнайы жабын төселмеген ұшу-қону жолақтарына қонуға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Қазақстанның әуе қорғанысы күштеріне арналған алғашқы Airbus A400M әскери ұшағы 2024 жылы дайын болған еді. Қазақстан 2021 жылы екі ұшаққа тапсырыс берген. Сол кезеңде аталған ұшақтың құны – 145 миллион еуро екені хабарланған.
"Ішімді екі қолымен қатты басты": Қазақстандық әйел босану кезінде дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптады
