Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы жанжалдан кейін 9-сынып оқушысы жансақтау бөліміне түсті

Төбелес
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы жанжалдан кейін тоғызыншы сынып оқушысы ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілген. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 31 қазан күні кешке Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында болған.

Зардап шеккен жасөспірімнің туыстарының айтуынша, бала өзінен үлкен оқушылар белгіленген кездесуге кешіккені үшін соққыға жығылған болуы мүмкін. Олар ауылда мектеп оқушылары арасында әлімжеттік барын алға тартады. 

Туыстарының сөзінше, жасы үлкен жасөспірімдер кішілерге түрлі тапсырма орындатып, олардан ақша жинайды. Ал айтқандарын орындамаған немесе кездесуге кешіккен балаларды жазалайтын көрінеді. 

Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Қазір зардап шеккен оқушы жансақтау бөлімінде жатыр. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлердің мәліметінше, баланың жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз. Оған қарқынды ем жүргізіліп жатыр.

Жамбыл облыстық білім басқармасының хабарлауынша, 31 қазан күні кешке Жастар аллеясында кәмелетке толмағандар арасында жанжал болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдердің бірі екіншісінің кеуде тұсынан жұдырықпен ұрған.

Облыстық полиция департаменті аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.

"Алдын ала анықталғандай, бұрыннан таныс екі кәмелетке толмаған жасөспірімнің арасында жанжал туындап, олардың бірі екіншісіне соққы жасаған. Зардап шеккен бала ауруханаға жатқызылды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеу барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында", – делінген полиция хабарламасында.

Сонымен қатар жергілікті тұрғындар оқиғаның Жастар аллеясында емес, жасөспірімдер жиі жиналатын ауылдық клубтың маңында болғанын айтады. Бұл мәлімет те әзірге ресми органдар тарапынан нақтыланбаған.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада 14 жастағы жасөспірім қатарласының қолынан қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 19:11