Қазақстандық әйел Кеңес Одағының ордендерін Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен теңестіруді сұрады
Қазақстандық әйел Кеңес Одағы кезінде көпбалалы аналарға берілген наградаларды Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен тең дәрежеде тануды сұрады. Енді бұл мәселе Конституциялық сотта қаралмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Конституциялық сот Қазақстан азаматының әлеуметтік кодекстің ана болуға байланысты атақтар мен наградаларды ескере отырып, жәрдемақы тағайындауды реттейтін нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініші бойынша отырыс өткізді.
Өтініш иесінің пікірінше, Кеңес Одағы кезеңінде бала туып, тәрбиелегені үшін берілген наградалар да Қазақстанның тиісті мемлекеттік наградаларымен бірдей есепке алынуы керек.
Арызданушы марапаттау талаптары жағынан "Күміс алқа" төсбелгісіне ұқсас болғанына қарамастан, Әлеуметтік кодексте "Ана даңқы" орденінің III дәрежесі мен "Ана медалі" I дәрежесі ескерілмегенін алға тартқан. Оның пайымдауынша, мұндай айырмашылық азаматтардың теңдік қағидатына және конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді.

Іс материалдарына сәйкес, өтініш иесі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1971 жылғы 26 сәуірдегі және 1975 жылғы 30 қазандағы жарлықтарымен наградталған. Ол бес бала туып, тәрбиелегені үшін "Ана медалінің" II дәрежесін, ал алты бала тәрбиелегені үшін I дәрежелі “Ана медалімен” марапатталған.
Осыған байланысты әйел соттан I дәрежелі “Ана медалін” "Күміс алқа" наградасына тең деп тануды, тиісті жәрдемақы тағайындауды және моральдық зиянды өтеуді сұраған. Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оның талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан. Енді мәселе Конституциялық сотта қаралады.
Конституциялық сот отырысына Құрылтай, Бас прокуратура, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, Әділет министрлігі, Заңнама және құқықтық ақпарат институты, Парламентаризм институтының өкілдері, сондай-ақ сарапшылар қатысқан
Конституциялық соттың түпкілікті шешімі істі қарау аяқталғаннан кейін жарияланады.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістандық көпбалалы ана үйіне келіп жәрдемақыдан бас тартуды талап еткендерге шағымданған еді.
"Ішімді екі қолымен қатты басты": Қазақстандық әйел босану кезінде дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптады