Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Air Astana 8,3 миллиард еуроға Airbus ұшақтарын сатып алатын болды

ұшақ
Фото: Air Astana

Air Astana 8,3 миллиард еуроға 50 Airbus ұшағын сатып алады. Келісімге Бельгияда қол қойылды. Мұны “Самұрық-Қазына” АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Келісімге сәйкес, ұлттық әуе тасымалдаушы Airbus A320neo және A321neo сериясындағы 50 ұшаққа (оның ішінде ұзақ қашықтыққа ұшатын A321LR үлгісіне) тапсырыс берді. Келісімнің құрылымы бойынша 25 ұшаққа нақты тапсырыс берілсе, тағы 25 ұшақты сатып алу мүмкіндігі (опцион) қарастырылған.

Жаңа әуе кемелерін жеткізу 2031 жылдан басталады. Келісімнің жалпы бағасы шамамен 8,3 миллиард еуро (4 610 401 000 000 тг).

Айта кетейік, бұған дейін Air Astana ұзақ қашықтыққа ұшатын 15 Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын сатып алу туралы келісімді мақұлдаған еді. Бұл ұшақтарды жеткізу 2032–2035 жылдарға жоспарланған.

Алдыңғы келісімдерді қоса есептегенде, компанияның Boeing 787 Dreamliner ұшақтарына берген жалпы тапсырысы 18 әуе кемесіне жетті. Ал осы сериядағы алғашқы ұшақ Қазақстанға биыл жеткізіледі. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 23 Маусым, 2026 16:24