Жамбыл облысында қатарласының соққысынан кейін комаға түскен жасөспірімнің қазіргі жағдайы белгілі болды
Жамбыл облысында 9-сынып оқушысы жоғары сынып оқушысының соққысынан кейін комаға түсті. 14 жастағы бала екі тәуліктен бері жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның миы мен өкпесі ісінгенін айтады. Науқастың жағдайына байланысты әзірге ешқандай болжам жасай алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жамбыл аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленовтің айтуынша, баланың жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз. Ол дәрі-дәрмектің көмегімен жасанды комаға түсіп, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
“Науқастың жағдайы өте ауыр, тұрақсыз күйде қалып отыр. Ол дәрі-дәрмекпен комаға түскен, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қазір қажет қарқынды емнің барлығы жүріп жатыр. Жағдайына байланысты әзірге ауданнан қалаға тасымалдауға болмайды”, – деді Нұрмахан Мәуленов.
14 жастағы жасөспірім аудандық ауруханаға 31 қазан күні кешке жеткізілген. Куәгерлердің айтуынша, оны ауруханаға басқа балалар алып келген. Сол кезде оқушының жүрегі тоқтап қалған. Алайда дәрігерлер жүрек соғысын қайта қалпына келтірген.
Мәліметке сәйкес, оқиға Бірлесу-Еңбек ауылындағы клуб маңында болған. 9-сынып оқушысына 11-сыныпта оқитын жасөспірім кеуде тұсынан бірнеше рет соққы жасаған. Ауыл тұрғындары бұл жағдайды мектептегі әлімжеттікпен байланыстырады.
Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Оспановтың мәліметінше, оқиғаға қатысқандар ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
“Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысушылар ұсталып, полицияға жеткізілді. Бұған дейін бір-бірін танитын кәмелетке толмаған екі жасөспірімнің арасында жанжал туындаған. Сол кезде олардың бірі екіншісіне соққы жасаған”, – деді Әсет Оспанов.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында 15 жастағы оқушы өзінен үлкен жасөспірімнің соққысынан кейін көз жұмғаны туралы жазған едік. Марқұм кеудесінен соққы алып, жерге құлаған. Орнынан тұрмаған күйі тіл тартпай кеткен.
"Ішімді екі қолымен қатты басты": Қазақстандық әйел босану кезінде дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптады
