Қазақстандықтар қаза тапқан әскери қызметкерлер бейнеленген ЖИ-видеоларға наразылық білдірді
Қазақстандықтар Каспий теңізінде қаза тапқан әскери қызметкерлерді “тірілтіп” ЖИ-видео жасағандарға наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желілерде жасанды интеллект көмегімен жасалған видеолардың таралуына байланысты наразылық күшейді. Желі қолданушылары ЖИ арқылы Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлерді "тірілтіп", олардың қаза болған сәттерін қайта жасап, қаралым мен лайк жинауға тырысқандарды сынға алды.
Желі қолданушылары мұндай видеоларды айыптап, оларды әдепсіз әрі қаза тапқандардың отбасыларына ауыр тиетін әрекет деп бағалады.

Блогер Әли-Әскер Байғожин видео жариялап, қаза тапқан әскери қызметкерлердің ата-аналарына құрметпен қарау керегін айтты.
"Осындай видеоларды жасап жатырсыздар. Адамгершілік болуы керек қой. Бұлай жасау әдепке жатпайды, дұрыс емес. Мүмкін, осылайша қаралымдарыңызды арттырғыңыздар келетін шығар? Немесе өздеріңізді осылай жарнамалайсыздар ма? Бұлай жасаудың қажеті жоқ", – дейді блогер.
Осыған ұқсас пікірді продюсер Рүстем Омаров та білдірді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында өзгенің қайғысы контент емес екенін атап өтті.
"Қаза тапқан сарбаздарды жасанды интеллект арқылы "тірілтіп", сөйлетіп, одан видео жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл – контент емес. Олар – біреудің ұлы, ағасы, күйеуі. Олардың жақындарына қазір өте ауыр. Иманды болсын", – деп жазды Рүстем Омаров.
Желі қолданушылары қаза тапқан сарбардарды ЖИ арқылы “тірілтіп” видео жасаған авторларға жаппай шағымдануға шақырды.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді