Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар Каспийде қаза тапты деп тірі курсанттың видеосын таратып жатыр: Әкесі үндеу жасады

Курсант пен әкесі
Фото: Видеодан скрин

Талғат Құлманов есімді ер адам қазақстандықтарға үндеу жасап, Каспий теңізінде болған төтенше жағдай кезінде курсант ұлының қаза тапқаны туралы ақпаратты таратпауды сұрады. Оның айтуынша, ұлы аман-есен, тірі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Threads желісінде Каспийде қаза тапқан сарбаздардың бірінің әкесімен видеоқоңырауы делінген бейнежазба кең таралуда.

Желіде тараған кадрларда әскери киімдегі жас сарбаз әкесімен сөйлесіп, оны қатты сағынғанын айтады. Желідегі жазбаларда видеодағы сарбаздың Каспийдегі оқу-жаттығулар кезінде қаза тапқаны, әкесімен соңғы рет тілдесуі екені айтылған. 

Алайда Қорғаныс министрлігі аталған видеодағы сарбаздың шын мәнінде тірі екенін хабарлады.

Әскери қызметкердің әкесі Талғат Құлманов қазақстандықтарға үндеу жасап, бұған дейін ұлымен видеоқоңырау арқылы сөйлескен сәтінің жазбасын өзі жариялағанын айтты.

Ол қазақстандықтардан әлеуметтік желілерде ұлының қаза тапқаны туралы тараған ақпаратқа сенбеуді сұрады. Оның айтуынша, ұлы қазір курсант, арнайы әскери оқу орнында білім алып жүр.

Ер адам мұндай видеоларды таратпауды сұрады. Сондай-ақ ол Каспий теңізіндегі төтенше жағдай кезінде қаза тапқан мерзімді әскери қызметкерлердің жақындарына көңіл айтты.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Дана Русланқызы
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 20:32