Қазақстанда бизнеске жеңілдетілген несие беру шаралары күшейтіледі
Қазақстанда инвестициялық саясатты қайта қарап, инвестициялық жобаларды басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жаңа шаралар қабылданады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инвестициялық саясатты жаңарту аясында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын орталықтандырылған және цифрлық басқару жүйесіне көшіру көзделгенін айтты.
Сондай-ақ олардың арасындағы міндеттердің қайталануын болдырмай, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бірыңғай тәсіл енгізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында да жаңа шаралар қолға алынбақ. Атап айтқанда, биыл жылдың соңына дейін Орта кәсіпкерлікті дамыту жоспары бекітіледі.
"Құжат кәсіпорындарды ұзақмерзімді жеңілдетілген қаржыландыруды және технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қарастырады", – деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады. Бұл шара бақылау жүйесін қайта қарап, реттеудің цифрлық моделіне көшуге мүмкіндік беруі тиіс.
Бұған дейін Қазақстанда биыл 356 мыңнан астам жеке кәсіпкер жабылды. Бұл былтырғыдан 59,3%-ға көп. Алайда Серік Жұманғарин кәсіпкерлердің жабылу санына қарап қана салық реформасының нәтижесін бағалау дұрыс емес екенін айтты.
Қазақстандық бір кездері бәліш сатып, бүгінде жасанды интеллект көмегімен миллиондаған табыс тауып отыр