Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жабылған 356 мың шағын кәсіп саны салық реформасының тиімділігін көрсетпейді – Серік Жұманғарин

Серік Жұманғарин
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда биыл 356 мыңнан астам жеке кәсіпкер жабылған. Бұл былтырғыдан 59,3%-ға көп. Алайда Серік Жұмангарин кәсіпкерлердің жабылу санына қарап қана салық реформасының нәтижесін бағалау дұрыс емес екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында кәсіпкерлердің қызметін тоқтату себептерін түсіндірді.

"Жеке кәсіп (ИП) қызметінің тіркелім бойынша тоқтатылуы көп жағдайда экономикалық қызметтің де тоқтағанын білдірмейді", – деді Серік Жұманғарин.

Министрдің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында қызметін тоқтатқан кәсіпкерлердің ішінде:

  • 73,9 мыңы өзін өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режиміне көшкен;
  • 151,8 мыңында 2025 жылы табыс болмаған;
  • 102,4 мыңының табысы 10 миллион теңгеге дейін болған;
  • 28 мың кәсіпкердің табысы 10 миллион теңгеден асқан.

Жұмангариннің айтуынша, қызметін тоқтатқандардың кемінде 225,7 мыңы немесе 63,4%-ы бұрын белсенді болмаған кәсіпкерлер мен өзін өзі жұмыспен қамтығандар санатына ауысқандарға тиесілі. Сонымен бірге министр жаңа салық талаптарына байланысты жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне көшкеннен кейін немесе жаңа шарттармен жұмысын жалғастыра алмағандықтан 30,1 мың кәсіпкердің қызметін тоқтатқанын атап өтті.

Жабылған кәсіпкерлер саны жаңадан тіркелгендерден асып түсті

2026 жылы Қазақстанда 242,3 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Былтырмен салыстырғанда 346,1 мың көрсеткіштен шамамен 30%-ға аз. Осылайша, қызметін тоқтатқан кәсіпкерлер саны жаңадан тіркелгендерден 113,9 мыңға артық болды. Ал 2025 жылы керісінше, жаңадан тіркелген кәсіпкерлер саны қызметін тоқтатқан субъектілерден 122,5 мыңға көп болған. Салыстыру үшін, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 223,6 мың ИП қызметін тоқтатса, 2024 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 277 мың болған.

Қызметін тоқтатқан кәсіпкерлердің ең көп үлесі бөлшек сауда саласына тиесілі. Бұл салада 128,4 мың шағын кәсіп жабылған. Бір жыл бұрын олардың саны 74,5 мың болған. Өсім – 72,4%.

Өзге қызмет көрсету саласында жабылған кәсіпкерлер саны 37,7 мыңнан 59,8 мыңға дейін өскен. Көлік қызметтерінде бұл көрсеткіш 19,6 мыңнан 34,5 мыңға, жылжымайтын мүлік операцияларында 10,2 мыңнан 23 мыңға дейін артқан. Құрылыс саласында 11,2 мың кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Өткен жылы көрсеткіш 7 мың болған. Қоғамдық тамақтану саласында жабылған кәсіпкерлер саны 4,8 мыңнан 8,5 мыңға дейін өскен. Өңірлер арасында қызметін тоқтатқан жеке кәсіпкерлердің ең көп саны Алматы қаласында тіркелген. Қалада 62,5 мың жеке кәсіп жабылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі шамамен 30 мың көрсеткіштен екі еседен астам көп.

Астанада 41,9 мың кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 31,4 мың болған. Түркістан облысында 33 мың, Алматы облысында 26,9 мың, Шымкент қаласында 24,7 мың кәсіпкердің қызметі тоқтатылған.

Жұманғарин салық реформасының нәтижесін бағалау кезінде кәсіпкерлердің санына ғана емес, олардың табысына, жұмыспен қамту көрсеткіштеріне және бюджетке түсетін салықтарға да назар аудару қажет екенін айтты. 2026 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, жалпыға бірдей белгіленген салық режимін қолданатын шағын кәсіп саны 114,1 мыңнан 384,2 мыңға дейін өскен. Осы режимдегі заңды тұлғалар саны 415,8 мыңнан 519,6 мыңға жеткен. Қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер саны да 28%-ға артып, 134,4 мыңнан 172 мыңға дейін өскен.

 Ал оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін 1,17 млн-нан астам кәсіпкерлік субъектісі қолданған. Бұған қоса, 981,2 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимінде жұмыс істеген. Олардың 866,9 мыңы интернет-платформалар арқылы қызмет көрсеткен. Бұл санатта 519,7 мың такси жүргізушісі мен 292,5 мың курьер бар.

"2026 жылдың бірінші жартыжылдығында оңайлатылған декларация бойынша есеп тапсырған салық төлеушілер саны 28,2%-ға азайып, 1,512 миллионнан 1,086 миллионға түскен. Соған қарамастан, олардың декларацияда көрсеткен жиынтық табысы 18,9%-ға өсіп, 7,89 триллион теңгеден 9,38 триллион теңгеге жеткен. Жалдамалы жұмысшылар саны 14,2%-ға артып, 508,6 мың адам болған. Еңбекақы төлеу қоры 7,3%-ға өсіп, шамамен 448 млрд теңге болған", – деп түсіндірді Серік Жұманғарин.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, шоғырландырылған бюджетке 22,69 трлн теңге түскен. Былтырмен салыстырғанда 3,55 триллион теңгеге немесе 18,5%-ға көп. Шағын және орта бизнестен түскен салық түсімдері 17,5%-ға, яғни 1,13 триллион теңгеге өскен. Соның ішінде шағын кәсіпкерліктен түсетін салықтар 27,1%-ға немесе 750,7 миллиард теңгеге артқан. Алайда бұл өсімнің қаншасы экономикалық белсенділіктің артуына, ал қаншасы салық режимдерінің өзгеруі мен салық жүктемесіне байланысты екенін қолдағы деректерден нақты анықтау мүмкін емес.

Серік Жұмангариннің айтуынша, келтірілген көрсеткіштер шағын бизнестің нақты экономикалық белсенділігі кәсіпкерлердің тіркелімнен шығуымен бірдей деңгейде төмендегенін көрсетпейді. Оның сөзінше, қазір кәсіпкерлік құрылымы әртүрлі салық режимдері мен қызмет жүргізу нысандары арасында елеулі өзгеріске ұшырап жатыр. Салық реформасының түпкілікті нәтижесі 2026 жылдың толық салық кезеңінің қорытындысы бойынша бағаланады. Министр жаңа Салық кодексінің жекелеген ережелеріне немесе оларды қолдану тәжірибесіне тікелей байланысты тұрақты теріс әсерлер анықталған жағдайда тиісті шешімдер қабылданатынын айтты.

Еске сала кетейік, Серік Жұманғарин Қазақстанның мемлекеттік қарызы 40 триллион теңгеге жуықтағанын айтқан. Оның сөзінше, қарыздың ЖІӨ-ге шаққандағы көлемі шамамен 20%, ал белгіленген шекті деңгей – 32%. Мемлекеттік қарыздың шамамен 75%-ы ішкі қарызға тиесілі. Министрдің айтуынша, қарыз қаражаты экономиканың дамуына серпін беретін, өзін ақтайтын жобаларға бағытталуы керек. Оның тиімділігі тек қарыз көлемімен емес, тартылған қаражаттың экономикаға әкелетін нақты қайтарымымен бағалануы тиіс.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 14:50