Белгілі актер Мұқан Шакиров 81 жасында өмірден өтті
Қазақстанның мәдениет қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері, Шымкент қаласының құрметті азаматы, белгілі актер Мұқан Шакиров 81 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұқан Шакиров 1945 жылы 14 қаңтарда Отырар ауданының Балатөкөл ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетін тәмамдаған.
Шығармашылық жолын Алматы облыстық театрында бастаған актер кейін Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында және Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етті.
1981 жылы Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының құрамына қабылданып, қырық жылдан астам ғұмырын осы өнер ордасына арнады. 2025 жылғы қаңтарда зейнетке шықты.
Суыт хабарға байланысты Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрының ұжымы мен директоры Арман Махмұтұлы Алиев көңіл айту жазбасын жариялады.
“Мұқан Шакиров саналы ғұмырын қазақ театр өнерінің дамуына арнап, сахнада өзіндік қолтаңбасын қалдырған айтулы тұлға еді. Өнерге деген адалдығы, кәсіби шеберлігі мен ұзақ жылғы шығармашылық еңбегі әріптестері мен көрермендерінің жадында мәңгі сақталады”, – делінген театрдың әлеуметтік желідегі жазбасында.
Театр ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтып, оның өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұрасы қазақ театр өнерінің асыл қазынасы болып қала беретінін атап өтті.
Қазақстандық бір кездері бәліш сатып, бүгінде жасанды интеллект көмегімен миллиондаған табыс тауып отыр
