Booking-тегі теріс пікір үшін әйелге қоқан-лоқы көрсеткен алматылық 10 тәулікке қамалды
Алматыда жалға алған пәтеріне Booking платформасында теріс пікір қалдырған әйелге қоқан-лоқы көрсеткен 31 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оны 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жайт Павлодардан Алматыға қызының ем-домына байланысты келген әйелдің басынан өткен. Ол Booking сервисі арқылы 22-26 қазан аралығына пәтер жалдаған.
Әйелдің айтуынша, пәтер сайттағы сипаттамаға сәйкес келмеген. Оның үстіне, хабарландыруда көрсетілген мекенжай мен пәтердің нақты орналасқан жері де бірдей болмаған.
Сондықтан әйел жалға алу мерзімі аяқталмай тұрып, бір күн бұрын көшіп кетуге шешім қабылдаған. Ол пайдаланылмаған бір тәуліктің ақшасы – 20 мың теңгені қайтаруды сұраған. Бірақ пәтер иелері, хабарламаларына жауап бермей қойған. Осыдан кейін ол Booking платформасында теріс пікір қалдырған.
Көп ұзамай әйелге пікірін өшіруді талап етіп қоңыраулар мен дауыстық хабарламалар келе бастаған. Оның айтуынша, белгісіз адамдар өзіне қоқан-лоқы көрсетіп, тіпті баласының өлімін тілеген.
Бұл жағдай Threads желісінде жарияланып, көпшіліктің талқысына түсті. Жазба авторы өзіне жіберілген дауыстық хабарламалардың аудиожазбаларын да бөліскен.
Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысы бар 31 жастағы ер адамды ұстаған. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматылық қыз такси жүргізушісін ұрып-соғып, балағат сөздер айтты деп айыптағаны туралы жазған едік.
Қазақстандық бір кездері бәліш сатып, бүгінде жасанды интеллект көмегімен миллиондаған табыс тауып отыр
