Жетісуда жолдағы шұңқырды топырақпен жауып шыққан: Желідегі видео қызу талқыға түсті
Жетісу облысының тұрғыны Алакөл ауданындағы жолды асфальт төсеп, жөндеудің орнына жұмысшылардың шұңқырларды кәдімгі құм мен сазбен толтырып жатқанын видеоға түсіріп алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған видео бірнеше сағаттың ішінде мыңдаған қаралым жинап үлгерген. Оқиға Алакөл ауданының Архарлы ауылына апаратын 60-70 шақырымдық жолда болған. Видео авторы күрекпен жолдағы терең шұңқырларды балшықпен толтырып жатқан жұмысшылармен әңгімесін телефонға түсірген.
"Жігіттер, мен осы жердің тумасымын. Сендердің мұндай жұмыстарыңа жаным ауырады. Бұл – нағыз көзбояушылық. Кәдімгі сазды төгіп жатырсыңдар. Технология дамыған заманда емес, 90-жылдары өмір сүріп жатқандаймыз. Жолды қайта жаңғыртуға билік қомақты қаржы бөлгеніне сенімдімін. Алғашқы жаңбыр мен қар жауғаннан кейін мына жұмыстарыңның бәрі шайылып, шұңқырлар қайта ашылады. Бұл жүргізушілерге үлкен қиындық туғызуы мүмкін: көліктің картері зақымданып, дөңгелектері жарылуы ықтимал. Халықты осындай сапасыз жұмыспен алдап, жөндегенше, мүлде жөндемегендерің дұрыс", – деп наразылық білдірді видео авторы.
Қоғам белсенділері облыстық прокуратурадан жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасына құқықтық баға беріп, қажет болған жағдайда тиісті шара қабылдауды сұрады.
Желі қолданушылары жергілікті билік өкілдерінің Тоқаевтың тапсырмасын өте нашар орындап жатқанын жарыса жазды.
“Көрер көзге ұят не жасап жатырсыңдар. Әкімге барып “не сұмдық, жасамаймыз” деп айтпайсыңдар ма”, “Топырақ төселді, Дубайдан тағы бір пәтер алынды”, “Бұл әкімнің президенттің Жолдауына жауабы”, “Сөз жоқ! Ауылды көтеру керек дейді де, жасап жүргендері мынау. Сұмдық қой”, – деп жазды желідегілер.
Алакөл ауданы тұрғындары бұл видеоны облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың кездесуінен кейін бірден жариялаған. Кездесу барысында өңір басшысы жолдардың сапасы мәселесін де көтерген. Оның айтуынша, облыстық маңызы бар автожолдарды жөндеуге 45 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның үш миллиард теңгеден астамы Алакөл ауданына бағытталған.
Алакөл ауданының әкімдігі де жағдайға қатысты түсініктеме берді.
“Арқарлы ауылына апаратын облыстық маңызы бар автомобиль жолының 39-59 шақырым аралығындағы учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Ал шұңқырларды топырақпен толтыру жұмыстарын мердігер өз бастамасымен және өз қаражаты есебінен жүргізіп жатыр. Қазір мердігер ұйым – "Жетісу Жол Құрылыс" ЖШС қыс мезгілінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өз қаражаты есебінен шұңқырларды қиыршықтас-құм қоспасымен толтырып жатыр", – деп жауап берді Жетісу облысы Алакөл ауданы әкімдігі.
Әкімдіктегілер бұл учаскедегі орташа жөндеу жұмыстары ауа райы қолайлы болған жағдайда 2027 жылы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес орындалады деп сендірді.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында келер жылы барлық автомобиль өткізу бекетін жаңғыртуды аяқтап, республикалық және жергілікті жолдардың сапасын жақсартуды тапсырды.
Тоқаев еліміздің барлық аймағын байланыстыратын жолдарды дамытып, жол сапасын жақсарту маңызды міндет екенін айтты.
"Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте "Көкшетау – Петропавл" тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек. Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады”, – деді ол.
Президент сонымен қатар, келер жылы барлық автомобиль өткізу бекетін сапалы реконструкциялауды аяқтауды тапсырды.
Қазақстандық бір кездері бәліш сатып, бүгінде жасанды интеллект көмегімен миллиондаған табыс тауып отыр
