Абай облысында 180 миллиард теңге жұмсалған жол үгітіліп жатыр
Бюджеттен 180 миллиард теңге жұмсалған "Талдықорған – Өскемен" автожолының сапасына қатысты дау жалғасып жатыр. Өңір белсенділері жолдағы ақауларға назар аударып, тәуелсіз тексеру жүргізуді талап етуде. Сондай-ақ олар асфальт үлгілеріне жасалған зертханалық сараптама нәтижелерін ала алмай отырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абай облысының қоғамдық белсендісі Роллан Машпиев пен өңір белсенділері бюджеттен 180 миллиард теңге жұмсалған "Талдықорған – Өскемен" автожолының сапасына тәуелсіз тексеру жүргізуді талап етіп отыр. Бұған дейін олар жолдағы жарықтар, жабынның деформациясы және трасса бойындағы карьерлерді рекультивациялау мәселесін көтерген.
Белсенділердің айтуынша, олар құрылыс сапасын бақылаған қадағалау органдарының жұмысын тексеруді сұрап, ресми өтініш жолдаған. Алайда өтініш нысан құрылысына бірнеше жыл бойы қатысқан лауазымды тұлғаның өзіне қайта жолданған. Сонымен қатар белсенділер жол жабынынан тәуелсіз сараптама үшін үлгі алуға алғаш рет әрекет жасағанда, құрылыс компаниясы мен техникалық қадағалау өкілдері бұған рұқсат бермеген. Кейін үлгі алынып, ақпарат әлеуметтік желіде жарияланған. Осыдан соң құрылыс компаниясы жарияланымды өшіруді талап етіп, сотқа жүгінген. Кейін асфальт үлгісі мемлекеттік органдардың қатысуымен ресми түрде алынған. Алайда белсенділердің сөзінше, "Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы" зертханалық зерттеу нәтижелерін оларға беруден бас тартқан.
Осы тұста редакция Абай облысы бойынша "Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығына" ресми сауал жолдады. Орталықтың мәліметінше, "Талдықорған – Өскемен" автожолының құрылысы кезінде асфальт жабыны мен жол-құрылыс материалдарынан алынған сынамалардың бір бөлігінен нормативтік талаптарға сәйкессіздік анықталған. 2023-2026 жылдары "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" Абай облысы бойынша филиалы 1 037 сынама алып, зерттеген. Оның 192-сі талапқа сай келмеген. Алайда орталық анықталған кемшіліктердің кейін толық жойылғанын мәлімдеді.
"Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының" өкілдері жол сапасын бақылау жұмыстары қай кезеңде және қандай учаскелерде жүргізілгенін түсіндірді.
Асфальт жабынынан бірқатар кемшілік анықталды
Орталықтың мәліметінше, жолды тексеру және құрылыс материалдарын зертханалық сынақтан өткізу кезінде бірқатар кемшілік тіркелген. Атап айтқанда:
- Жарықтар торы;
- Көлденең жарықтар;
- Тығыздау коэффициенті;
- Суға қанығу көрсеткіші;
- Асфальтбетон қоспалары;
- Инертті материалдардың түйіршіктік құрамы;
- Басқа да бақыланатын физикалық-механикалық сипаттамалар бойынша ақаулар.
Орталық өкілдері анықталған сәйкессіздіктер туралы жол құрылысына жауапты тараптарға хабар берілгенін және оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылданғанын мәлімдеді. Ресми жауапқа сәйкес, нысандарды пайдалануға беру және учаскелер бойынша қорытынды есептерді дайындау алдында барлық анықталған кемшілік толық жойылған.
Жол сапасы қашан тексерілді?
"Талдықорған – Өскемен" автожолын қайта жаңғырту жобасы 2019-2025 жылдарды қамтыған. Ал "Жол активтері сапасының ұлттық орталығының" Абай облысы бойынша филиалы 2023 жылғы 7 наурызда құрылған.
Сондықтан 2023 жылға дейін орындалған жұмыстардың, соның ішінде жолдың негізі мен төменгі қабатының сапасын Шығыс Қазақстан облысындағы филиал бақылаған. Абай облысындағы филиал құрылғаннан кейін құрылыс жұмыстары мен қолданылған материалдардың сапасын, негізінен, асфальт жабынының жоғарғы қабатын төсеу кезеңінде тексерген.
"Зертханалық сынақтар "Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей шекарасы (Үбе өткізу пункті)" автожолының Абай облысы аумағындағы 615–967-шақырымдары аралығындағы бірнеше учаскеде жүргізілген. Олардың қатарында 615–685, 685–720, 720–760, 760–799, 799–840, 840–880, 880–923, 923–967 шақырымдар аралығы бар. Сондай-ақ 971–1013-шақырымдардағы учаске де тексерілген”, – деп жауап берді "Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы”.
Орталықтың мәліметінше, жолда ақаулар анықталған жағдайда, бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының Абай облысы бойынша филиалы мен мердігер ұйымдарға ресми хат жолданады. Одан кейін жауапты тараптар кемшіліктерді жою мерзімі мен тәсілдері көрсетілген іс-шаралар жоспарын әзірлейді.
Орталық өкілдерінің айтуынша, анықталған ақауларды жою үшін қанша қаражат қажет екені тексеру нәтижелері мен жөндеу жұмыстарының көлеміне қарай есептеледі.
Айта кетейік, "Талдықорған – Өскемен" автожолы – Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жол 2025 жылы ашылып, құрылысы толық аяқталды. Жобаның құны 180 миллиард теңгеден асты.
Бұған дейін жасанды интеллект Қазақстанда жолдардың сапасын тексеріп жатқаны туралы жазған едік. Солтүстік Қазақстан облысында енді жаңадан салынған жолдардың сапасын цифрлық платформа бақылайды. Жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған ақылды жүйе әрбір алынған үлгіні жеке тексеріп, тиісті сараптамадан өткізеді.
Алматылықтар үй сыртындағы "тарихи тақталарды" алып тастауға қарсы шықты
