Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда екі айдан ұзақ уақытқа еңбекке жарамсыздық парағы берілетін аурулар тізімі нақтыланады

Дәрігер
Фото: Freepik.com

Қазақстанда уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі екі айдан асатын аурулардың тізімі нақтылануы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті бұйрық жобасын “Ашық НҚА” порталында қоғамдық талқылауға шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құжатта екі айдан астам уақытқа еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеуге негіз болатын аурулардың атауын нақтылау ұсынылған.

Министрлік өзгерістер тізімдегі аурулардың атауын еліміздің барлық өңірінде біркелкі әрі нақты қолдануға мүмкіндік береді деп түсіндірді.

Осы мақсатта әр ауру атауына Халықаралық аурулар жіктемесіндегі тиісті кодтарды қосу көзделіп отыр. Бұл ауру түрін нақты айқындауға және тізімді әртүрлі түсіндірудің алдын алуға тиіс.

Ведомство өкілдері ұсынылып отырған өзгерістердің нақтылау сипатында екенін атап өтті. Яғни қолданыстағы тәртіп түбегейлі өзгермейді, тек ауруларды белгілеу мен құжатты қолдану тәртібі біріздендіріледі.

Министрліктің мәліметінше, бұл тәсіл медицина ұйымдарында аталған тізімді қолдану кезінде ортақ тәртіп қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Құжат жобасы 5 қазанға дейін қоғамдық талқылауда болады.

Еске салайық, бұған дейін еңбекке жарамсыздық парағын сатып алған қазақстандықтарға 692 мың теңге айыппұл салынатыны ескертілгені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 21 Қыркүйек, 2026 13:08