Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тауларында туристердің алдынан қар барысы шыққан (видео)

барыс

Фото: Видеодан скрин

Қазақстандық турист Алматы тауларында серуендеп жүріп, күтпеген жерден қар барысына тап болған. Ол сол сәтті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады. Әйелдің айтуынша, барыс таудағы соқпаққа көтеріліп, олардың алдынан бір-ақ шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Instagram желісінде қолданушы Алматы тауларында серуендеп жүріп, қар барысына тап болғанын жазды.

“Қазақстан, Алматы. Таулардың елесі. Мұндайды өз көзіммен көргеніме әлі де сене алмай тұрмын. Тауда келе жатқанымызда артымыздан бір ит ерді. Ол жол бойы анда-санда үріп қояды. Бұған дейін оның тиіндерге де үргенін көргенбіз, сондықтан бастапқыда аса мән бермедік. Сол кезде видео түсіріп келе жатқан едім. Бір уақытта алдымыздағы соқпаққа қар барысы шыға келді. Біз қатты таңғалдық. Бірден итті барыстан алыстатуға тырыстық. Итті өзімізбен бірге алып кетпек болдық. Бірақ ол бізге ермей, барысқа қарап үре берді. Біз жануарға жақындамауға тырыстық”, – деді ол.

Оның айтуынша, біраз уақыттан кейін соқпақтың арғы жағынан басқа туристер келген.

“Біраздан кейін басқа туристер де келді. Барыс тауға қарай кетіп қалды. Ит оны қайта көріп, тағы үре бастады. Сол кезде келген жігіттер итті ұстап алып, төменге қарай алып кетті. Біз де басқа адамдардың келгенін күттік. Содан кейін бәріміз бірге бұл жерден өтіп кеттік. Бәлкім, барыс жақын жерде аулаған олжасын күзетіп жүрген шығар. Оның иісін сездік, бірақ олжаның өзін көрмедік. Сондықтан барысқа жақындамай, тыныш қана өтіп кетуге тырыстық”, – деді турист.

Ол мұның жабайы табиғаттағы кездейсоқ кездесу болғаны, бұл сәтті ешқашан ұмытпайтынын айтты.

“Қар барысының қаншалықты сирек әрі бағалы жануар екенін түсінеміз. Сондықтан оның нақты орналасқан жерін әдейі көрсетіп отырған жоқпыз”, – деп жазды ол.

Бұдан бөлек, видеоға қатысты тағы бір туристің жазбасы жарияланған. Оның айтуынша, тауда оларға жергілікті бір ит қосылып, бірге жүрген. Ит алға жүгіріп кетіп, кейін қайта келіп отырған.

“Бір аялдамада ол тағы да алдымызға қарай жүгіріп кетті. Кенет оның тоқтаусыз, мазасыз үргенін естідік. Жақындап барсақ, жүні үрпиіп, бір нүктеге қарап тұр екен. Ал алда ештеңе көрінбеді: күн көзді шағылыстырып тұр, айналада бұталар мен шыршалар бар. Бір кезде ит орнынан атып шықты. Бірнеше секундтан кейін ол бізге қарай қайта жүгірді, ал оның артынан қар барысы келе жатты! Сол сәтте уақыт тоқтап қалғандай болды. Таңғы күн сәулесі түсіп тұрған, шаң бұрқыраған таудағы барыс ертегідегідей көрінді. Дәл кинодағы көрініс сияқты! Барыс бізді көріп тоқтады”, – деп жазды турист.

Туристің айтуынша, барыс оларды көргенде тоқтап, бірнеше секунд бойы қарап тұрған.

“Ол бізге тым жақын келді. Біз ит үшін алаңдап, айғайлай бастадық. Барыс бірнеше секунд бізге қызығушылықпен қарап тұрды. Содан кейін шыршаның ар жағына қарай кетіп қалды. Біраз уақыттан кейін оны соқпақтың жоғары жағынан тағы көрдік. Бәлкім, бір жерде оның олжасы болған және ол сол жерді күзетіп жүрген шығар”, – деп жазды турист.

Автор таудағы бұл кездесуді өмірінде есте қалатын ерекше сәттердің бірі екенін айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда араға 70 жыл салып алғаш рет Амур жолбарысы табиғи ортаға жіберілгені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 21 Қыркүйек, 2026 11:26