Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел декретте отырып, бес минутта дайын болатын бешбармақ ойлап тапты

бешбармақ
Фото: Instagram anar.beysen

Бешбармақты небәрі 5 минутта дайындауға болады. Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғыны Анар Бейсен дәстүрлі тағамды сублимация технологиясы арқылы ықшам әрі тез дайындалатын өнімге айналдырған. Stan.kz тілшісі кәсіпкердің бұл идеяны қалай жүзеге асырғанын сұрап білді.

 

“Декретте жүріп түрлі кәсіпті байқап көрдім”

Анар Бейсеннің кәсіпкерлік жолы бірден бешбармақтан басталмаған. Ол 2017 жылы Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін “Ақпараттық жүйелер” мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдаған.

Мамандығы бойынша ауылға барып, банкке жұмысқа орналасқан. Кейін тұрмыс құрып, бала күтімі бойынша демалысқа шыққан. Оның кәсіпке деген қызығушылығы осы жерден басталған.

“Декретте бала қарап үйде отырған кезде түрлі нәрсені жасап көрдім. Торт пісіріп саттым, балалардың киімін тіктім, әдемі бокстар жасадым. Ойыншықтар мен зімбірлі тәтті тоқаштар да саттым”, – дейді Анар Бейсен.

Ал оның кәсібін түбегейлі өзгерткен өнім 2022 жылы пайда боған.

“Негізі кәсібім шоколадтағы құлпынайдан басталды”

Анар 2022 жылы туысының туған күніне шоколадқа батырылған құлпынай жасап алып барған. Өнімі жақындарына ұнап, көп ұзамай тапсырыстар түсе бастаған. Кейін кәсібін жетілдіру үшін бір жасар баласын ертіп, Астанаға барып, фуд-флористика бойынша білім алып келген. Сол жерде кептірілген жемістерден букет жасауды, ерлерге арналған және ақша салынған композицияларды дайындауды үйренген.

2022 жылдың желтоқсанында Құлсарыға оралған соң шағын студиясын ашып, кәсібін дамыта бастаған.

“Сол уақыттан бастап кәсібім алға жылжи бастады. Кәсіпкер болған соң бір орында тұрып қалғың келмейді. Клиенттерді қызықтыру үшін үнемі жаңа өнім ойлап табуға тырыстым”, – дейді ол.

Кәсіпкер шоколадқа батырылған жемістерді безендіру үшін сублимацияланған таңқурай мен құлпынай сынды өнімдерді сырттан сатып алған. Кейін клиенттер де осындай өнімдерге тапсырыс бере бастаған. Сол кезде кәсіпкер кептірілген өнімдерді өзі жасап көруге қызыққан.

“Бір күні “осы сублимацияны неге өзім жасап көрмеймін?” деп ойладым. Содан осы технологияны зерттей бастадым”, – дейді Анар Бейсен.

2025 жылдың соңында ол Жылыой ауданында өткен “Таңдау” жобасына қатысып, өз бизнес-жобасын қорғаған. Нәтижесінде 5 миллион теңге көлемінде қайтарымды несие алып, сублиматор аппаратын сатып алған.

Ал 2026 жылдың басынан бастап кептірілген өнімдерді өндіруге кіріскен.

“Бешбармақты жасауға бір айға жуық уақыт кетті”

Алғашқыда кәсіпкер жеміс-жидектерді кептіріп көрген. Кейін балмұздақ және басқа да өнімдермен тәжірибе жасаған. Бешбармақ жасау идеясы да осы ізденіс барысында пайда болған. Алайда дәстүрлі тағамды кептірілген өнімге айналдыру бірден жүзеге аспаған. Анар командасымен бірге бірнеше рет тәжірибе жасап, тағамды дайындау, кептіру және қайта өңдеу процесін сынаған.

“Бешбармақты көптен бері ойлап жүрдік. Идеяны жүзеге асыруға бір айдай уақыт кетті. Қайта жасап көреміз, қайта сублимациялаймыз, содан кейін нәтижесін қараймыз. Бірнеше рет эксперимент жасадық”, – дейді кәсіпкер.

Анар Бейсен өнімді дайындау кезінде ең алдымен жаңа сойылған халал сиыр етін таңдаған. 

“Бешбармақ үй жағдайында қалай әзірленсе, сол тәсілмен пісіріледі. Содан кейін ғана сублимация процесіне жіберіледі. Ең бастысы – бешбармақтың кәдімгі жаңа еттен дайындалғандағы дәмін және құрамындағы құнарын сақтап қалу. Ұзақ сақтау үшін дұрыс қаптамаға салу да маңызды”, – дейді ол.

Кептірілген өнімді дайындау процесі бірнеше кезеңнен тұрады екен. 

“Тағам дайын болған соң оның құрамындағы ылғал арнайы технология арқылы алынады. Соның арқасында өнімді ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік туады. Ал тұтынушыға оны дайындау үшін ыстық су қосып, бірнеше минут күту жеткілікті”, – дейді кәсіпкер. 

Бұл өнім қалай дайындалады?

Дәстүрлі бешбармақ алдымен кәдімгі дәстүрлі тәсілмен дайындалады. Оның құрамындағы ет, қамыр, картоп пен пияз толық пісірілген соң арнайы сублимациялау процесіне жіберіледі.

Бұл технологияда дайын тағам алдымен мұздатылады. Кейін арнайы вакуумдық камерада құрамындағы ылғал алынады. Нәтижесінде өнімнің салмағы мен көлемі азаяды. Ал дәмі мен хош иісі барынша сақталады.

Дайын өнім кейін ықшам қаптамаға салынады. Тұтынушыға оны әзірлеу үшін қаптамадағы тағамға ыстық су қосып, бірнеше минут күту жеткілікті.

"Бешбармақ үй жағдайында қалай әзірленсе, дәл солай пісіріп аламын. Содан кейін ғана сублимация процесіне көшеміз. Ең бастысы – бешбармақтың жаңа еттен дайындалғандағы дәмін және құрамындағы құнарын сақтап қалу. Ұзақ сақтау үшін дұрыс қаптамаға салу да маңызды", – дейді Анар.

Кімдер көп сатып алады?

Кәсіпкердің айтуынша, қазір бешбармаққа сұраныс артып келеді. Өнімді көбіне шетелде оқып жүрген балаларына немесе ұзақ сапарға шығатын жақындарына алып кеткісі келетіндер сатып алады.

“Көбіне шетелде оқып жатқан баласына алып бергісі келетіндер бар. Кейбірі жолға алып шығады. Қытайға немесе Үндістанға емделуге бара жатқан адамдар да хабарласады. “Әкемді емдеуге алып бара жатырмын, ол жақта мұндай тағам жоқ” деп тапсырыс беретіндер бар. Осындай адамдардың ұлттық тағамды өзімен бірге алып жүре алатыны және оған қажет кезде қолжетімді болғаны қатты қуантады”, – дейді Анар.

Шетелден де ұсыныс түскен

Кептірілген бешбармаққа Қазақстаннан тыс жерлерден де қызығушылық танытатындар бар.

Анар Бейсеннің сөзінше, оған Нью-Йорк, Латвия және Түркиядан хабарласып, өнімді сол елдерде сатуға ұсыныс жасағандар болған.

“Нью-Йорктен, Латвиядан, Түркиядан жазып жатқандар бар. “Маған жіберіңіз, мен осы жақтан сатайын” деген ұсыныстар түст. Алайда әзірге мұндай ұсыныстарды қабылдауға асықпаймын. Қазір барлық тапсырысты да уақытында жіберіп үлгермей жатырмын. Сондықтан алдымен өндірісті көбейтіп, қажет аппараттарды алып алайын деп отырмын. Содан кейін шетелдегі ұсыныстарды қарастырамын”, – дейді Анар.

“Қытай кеспесімен салыстыратындар да бар”

Жаңа форматтағы өнімге қызығушылықпен қатар, сын айтатындар да кездеседі екен.

Кәсіпкердің айтуынша, кей адамдар бешбармақтың бағасын дайын кеспемен салыстырады. Ал өнімнің артындағы ұзақ өндірістік процесті ескере бермейді.

“Сублимацияның өзіне бір-екі күн уақыт кетеді. Одан кейін қаптама процесі бар. Кейбір адамдар мұның бәрін ескермей, Қытай кеспесімен салыстырып, бағасын төмендеткісі келеді”, – дейді ол.

Анар мұндай пікірлерді қатты көңіліне алмайтынын айтады.

“Мен өз еңбегімді білемін. Қазір бешбармақтың бағасын әдейі жоғары қойып отырған жоқпын. Шыны керек, әзірге одан көп пайда түсіп жатқан жоқ”, – дейді кәсіпкер.

“Бешбармақ” атауына да сын айтылды

Өнімге қатысты пікірлер тек бағасына байланысты емес. Кей қолданушылар "бешбармақ" атауын сынап, оны "ет асу" деп өзгертуді ұсынған. Кәсіпкер мұндай пікірлерді де жылы қабылдайтынын айтады.

“Батыста өзіміз бұл тағамды “бешбармақ” деп атаймыз. Сондықтан атауын солай қойдым. Әр өңірде өзінің сөздері, диалектілері болады. Бірақ “қазақта ондай сөз жоқ” деген сын да айтылып жатыр. Сынды қабылдаймын. Мүмкін, алдағы уақытта атауын өзгертетін шығармын”, – дейді Анар.

Кәсіп бешбармақпен ғана шектелмейді

Бүгінде Анардың ассортиментінде сублимацияланған ұлттық өнімдердің шамамен 14 түрі бар. Олардың қатарында құрт, ірімшік, сүзбе, қазы, қымыз, шұбат, бауырсақ, мәнті, ешкі сүті және қазақша “Рафаэлло” сияқты өнімдер бар. Сонымен қатар кәсіпкер сублимацияланған балмұздақ пен жемістер де шығарады.

Анардың айтуынша, бастапқыда сатып алушылар көбіне сублимацияланған жемістерге қызыққан. Қазір ең көп сұранысқа ие өнім – сублимацияланған балмұздақ.

Ендігі жоспар қандай?

Қазір кәсіпкердің алдында бірнеше жоспар бар. Ол ең алдымен өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа құрал-жабдықтар алуды көздейді. Кейін қаптамасын жаңартып, шағын цех ашуды жоспарлап отыр. Одан соң өнімдерін Қазақстанның басқа өңірлеріне шығарып, франшиза арқылы дамытқысы келеді.

Ал түпкі мақсаты – қазақтың ұлттық тағамдарын халықаралық деңгейде танытатын бренд қалыптастыру.

“Ең алдымен Қазақстанның барлық өңіріне шығатын ұлттық бренд қалыптастырғым келеді. Одан кейін қазақтың ұлттық тағамдарын әлемге танытуды көздеймін”, – дейді кәсіпкер.

Анар Бейсен үшін кептірілген бешбармақ – тек тез дайындалатын тағам емес. Бұл – бала күтімімен үйде отырған кезеңнен басталған кәсіпкерлік ізденістің нәтижесі және ұлттық тағамды жаңа форматта ұсынуға жасалған алғашқы қадам.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 17:39