Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әкімдігі тауда жаппай құрылыс болмайтынын мәлімдеді

алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

"Алматы тау кластері" жобасына арналған дөңгелек үстелде Алматы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов экология мен құрылысқа қатысты әкімдіктің ресми ұстанымын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Олжас Смағұловтың сөзінше, жоба бекітілген бас жоспарға сәйкес қатаң жүзеге асырылады. Тауда жеке виллалар салуға және ретсіз құрылыс жүргізуге жол берілмейді. Жоба ықпалы Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағының небәрі 0,049%-ын қамтиды.

Смағұловтың айтуынша, өтемдік көгалдандыру жұмыстары да жүргізіледі. Алғашқы ағаш отырғызу 2026 жылдың қазан айына жоспарланған. Сонымен қатар жасанды қар жасау кезінде суды үнемдейтін технологиялар енгізілмек.

Көлік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Әкімдік тауға баратын көлік ағынын көбейтудің орнына, көлік ауыстырып міну тораптарын, аспалы жолдарды, қоғамдық көлікті және автотұрақтарды дамыту жоспарланып отырғанын айтты. Ал табиғаты осал аймақтарға көліктің ретсіз кіруіне шектеу қойылмақ.

"Қалада көлік ағынын тауға қарай көбейтудің орнына, көлік ауыстырып міну тораптарын, аспалы жолдарды, қоғамдық көлікті және автотұрақтарды дамытамыз. Табиғаты осал аймақтарға көліктің ретсіз кіруін шектейміз", – деді Олжас Смағұлов.

Оның айтуынша, жоба Алматы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Қазір туризмнің қала экономикасындағы үлесі шамамен 4% болады. Ал әлемде туризм индустриясы жаһандық экономиканың шамамен 10%-ын және 366 млн жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Алматыда қаланы одан әрі дамытуға арналған бос жер көлемі азайған. Банктер мен сауда сияқты кейбір салалар біртіндеп қаладан кетіп немесе онлайн форматқа көшіп жатыр.

"Біздің қалада мұнай да, газ да, ірі кен орындары да жоқ. Бірақ Алматыда әлемдегі санаулы қалаларға ғана тиесілі ресурс бар – мегаполиске жақын орналасқан бірегей таулар. Біздің міндетіміз – осы әлеуетті толыққанды экономикалық активке айналдыру", – деп атап өтті Смағұлов.

Әкімдіктің есебінше, тау кластерінің қала экономикасына жыл сайынғы жиынтық үлесі 1 триллион теңгеден асуы мүмкін. Жоба туризм, қонақүй және мейрамхана бизнесі, қызмет көрсету саласы мен көлікте 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруды көздейді.

Курорт жыл бойы жұмыс істейді деп жоспарланған. Бұл оған байланысты экономиканың да маусымдық емес, жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Көкжайлаудағы ағаштардың діңіне қызыл белгілер қойылғаны қоғам арасында алаңдаушылық туғызған. Іле-Алатауы ұлттық паркі бұл аумақта "Almaty Superski" жобасы жүзеге асырылатынын және құрылыс үшін 2627 ағашты кесу жоспарланғанын растады. Жоба аясында ұзындығы 6,02 шақырым болатын жол да салынбақ. Экологтар мұндай құрылыс Көкжайлаудың табиғи экожүйесіне орны толмас зиян келтіруі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 17:17