Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйлерімізді бірге алып кетуі мүмкін": Алматыда Сайран маңындағы құрылысқа тұрғындар қарсы

Сайран көлі маңындағы құрылыс
Фото: Видеодан скрин

Алматыдағы Сайран көлінің маңында тұратын тұрғындар көршілес аумақта салынып жатқан төрт көпқабатты үйдің қауіпсіздігіне алаңдаулы. Олардың сөзінше, құрылыс жүріп жатқан аумақта топырақ шөгіп, биік ғимараттар көлге қарай сырғып кетуі мүмкін. Ал бұл маңайдағы өзге үйлерге де қауіп төндіреді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындар түрлі мемлекеттік мекемелерге бірнеше рет шағымданған. Тексеру барысында құрылысқа қатысты заңбұзушылықтар да анықталғанымен, жұмыс әлі жалғасып жатыр. Бұл туралы жергілікті тұрғындар айтып берді.

Тұрғындардың айтуынша, тұрғын үй кешенінің құрылысы көктемде басталған. Содан бері олардың күнделікті тыныштығы бұзылған. Алайда адамдарды құрылыс кезіндегі шу ғана емес, болашақ ғимараттардың қауіпсіздігі де алаңдатады. Әсіресе тұрғындар Сайран көлінің жағасына жақын орналасқан құрылыс алаңының топырағы қаншалықты берік екеніне күмән келтіреді. Олардың сөзінше, бұл аумақта топыраққа қажетті сараптама жүргізілген-жүргізілмегені белгісіз.

Сәуле Дауылбекқызы жаңа салынып жатқан үйлердің көлге қарай сырғып кетуінен қауіптенетінін айтады. Оның сөзінше, мұндай жағдай жақын маңдағы тұрғын үйлерге де зиян келтіруі мүмкін.

"Одан әрі Сайран көлі орналасқанын білесіздер. Көлдің жағасы тік жар болып келеді. Бұл жерде топыраққа қандай да бір талдау, сараптама жүргізілді ме, жоқ па, белгісіз. Біз осы 12-14 қабатты үйлердің сырғып кетіп, өзіміздің үйлерімізді де бірге алып кете ме деп қатты қорқамыз", – деді Сәуле Дауылбекқызы.

Ал Нина Тютявина бұл үйде 30 жылдан бері тұрады. Оның айтуынша, құрылыс басталғалы бері тұрғындар тыныштықтан айырылған. Жұмыс кейде таңғы сағат 05:00-де басталады. Ауыр техника тұрғындардың балалар алаңына дейін кіріп кетеді. Бұған қоса, жақында құрылыс аумағында болған тағы бір жағдай тұрғынның наразылығын тудырған.

Нина Тютявинаның сөзінше, жұмысшылар тұрғын үйлердің терезесінің астында қой сойған. Мұны балалардың да көріп отырғаны оған ұнамаған.

"Кешіріңіздер, бірақ терезеңіздің астында, мысалы, қой сойып жатса, бұл қалай? Құрылысшылардың тамақтануы керек екенін түсінемін. Бірақ мұның бәрін балалар терезеден көріп отыр. Меніңше, бұл мүлде дұрыс емес", – дейді тұрғын.

Құрылыс жұмыстарының заңдылығына көз жеткізгісі келген тұрғындар адвокаттар жалдаған. Олардың айтуынша, түрлі мемлекеттік мекемелерге 100-ден астам өтініш жолданған. Тұрғындар мәселені құрылыс салушымен тікелей келіссөз арқылы шешуге де тырысқан.

ПИК төрайымы Ұлтуар Шоқабаеваның сөзінше, құрылыс компаниясының өкілдерімен екі рет кездесу өткізілген. Алайда тұрғындарға нысанның қажетті құжаттары әлі көрсетілмеген.

"Құрылысшылармен екі рет жиналыс өткіздік. Барлық мәселені талқыладық. Бірақ құжаттарын көрген жоқпыз. Қанша айтсақ та, құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Мұның себебін әзірге түсінбей отырмыз. Құжаттарды әлі ешкімге көрсеткен жоқ", – деді Ұлтуар Шоқабаева.

Тұрғындардың мәліметінше, қыркүйек айында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы құрылыс алаңына тексеру жүргізген. Сол кезде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, жұмыстар бекітілген құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз жүргізілгені белгілі болған. Тұрғындар тексеру қорытындысынан кейін құрылыс тоқтатылуы керек болғанын айтады. Олардың сөзінше, қыркүйек айында бұл жерде тек қазаншұңқыр ғана болған. Алайда арада екі жарым ай өткенде ғимарат алты қабатқа дейін көтерілген.

Ал Алматы қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы құрылыс салушы анықталған кемшіліктерді іс жүзінде бірден жойғанын мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, қазір тұрғын үй кешенінің құрылысы заңды негізде жүргізіліп жатыр.

"Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы ұсынылған құжаттар мен қаланың құрылыс салу қағидаларына сәйкес меншік иесіне көпфункционалды тұрғын үй кешенін салуға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын беріп, ішіне тұрғын емес үй-жайлар мен жерасты автотұрағы кіретін нысанның эскиздік жобасын келісті", – делінген Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының жауабында.

Сонымен қатар тұрғындар құрылыс кезіндегі шуға байланысты да полицияға бірнеше рет шағымданған. Олардың өтінішінен кейін учаскелік инспекторлар тексеру жүргізіп, оған табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері де қатысқан.Полиция мәліметінше, тексеру барысында тыныштықты бұзу және қаланы абаттандыру қағидаларын сақтамау деректері расталған. Осыған байланысты екі әкімшілік материал толтырылып, құқық бұзушылықтар үшін айыппұл салынған.

Дегенмен тұрғындар мәселе толық шешілмегенін айтады. Олар құрылыс жұмыстарының заңдылығын қайта тексеріп, болашақ ғимараттардың қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарға нақты жауап беруді талап етеді. Тұрғындар үшін ең бастысы – өз үйлерінің қауіпсіздігі мен күнделікті тыныштығын сақтау.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы "Алматы тау кластері" жобасына қатысты әкімдіктің ұстанымы жарияланған еді. Әкімдік тауда ретсіз құрылыс пен жеке виллалар салуға жол берілмейтінін мәлімдеді. Жоба аясында аспалы жолдар мен қоғамдық көлікті дамыту, ағаш отырғызу және табиғи аумақтарды қорғау жоспарланған. Әкімдіктің есебінше, тау кластері қала экономикасына жыл сайын 1 триллион теңгеден астам табыс әкеліп, 15 мыңнан астам жұмыс орнын ашуы мүмкін.

Айым Атамбаева
Сенбі, 28 Қараша, 2026 10:35